Финансист №3 (43) 2026

Наталья Харлашина
шығарушы редактор
Мұнай және доллар
Әлемнің басты энергоресурсы тағы да елдің назарында. Мұнай бағамының мың құбылуы көптеген сұрақ туғызады: «Мұнай қоры жете ме? Бензин бағасы не болмақ? Өндіруші компаниялардың акцияларын сатып алған жөн бе?» Инвесторлар да, қор нарығынан алыс жүрген адамдар да болып жатқан жайтқа алаңдап, мәселенің анық-қанығын білгісі келеді.
Дегенмен, мұнайдың мұндай қозғалысында таңғаларлық ештеңе жоқ: тарихи тұрғыдан оның бағасы үнемі шамадан тыс құбылып отырады. Жарты ғасыр бұрын бір «бөшке» мұнай бір доллардан да арзан болатын. 2008 жылғы дағдарыс қарсаңында бағам 150 долларға жуық болды, ал ковид жайлаған 2020 жылы мұнай фьючерстері мүлдем нөлден төмен түсті. Инвестициямен айналысқысы келетіндерге баға ауытқуларына тым қатты көңіл бөлудің қажеті жоқ. Шын мәнінде маңыздысы — мұнайдың біздің өмірімізде қандай рөл атқаратынын ұғыну. Айтпақшы, ол күнделікті қолданыстағы 500-ден астам тауар жасауға негіз болады. Отынның сан алуан түрлері, пластик, синтетикалық маталар, жол жабындары, косметика, тұрмыстық химия және дәрі-дәрмек — бәрі мұнайды терең химиялық өңдеудің нәтижесі.
Міне, біз де «Финансист» журналының осы жаңа нөмірінде мұнай нарығын оның барлық қырынан — энергетика нарығы үшін басты көлік артерияларының бірі - Ормуз бұғазының жабылуының экономикалық салдарынан бастап жақын болашақтағы шикізаттың ықтимал алмастырғыштарына дейінгі мәселелерді зерттеуге тырыстық.
Біздің сарапшылар «қара алтынмен» қалайда байланысты перспективалы биржалық құралдар туралы және Таяу Шығыстағы қақтығыстардың бірден байқала бермейтін бенефициарлары жайлы айтып берді. Осы шығарылымды оқығаннан кейін сіз биржадағы мұнай құны мен жанармай бекетіндегі отын бағасының неге әрдайым өзара сәйкес келе бермейтінін, ірі өндіруші елдердің ресурстық тәуелділікті қалай жеңіп, экономикасын әртараптандыра алғанын да түсінесіз. Мақалалар инфографикамен сүйемелденеді — одан үш негізгі мұнай дүрлікпесі, көмірсутектердің күтпеген ерекшеліктері, осы ресурс төңірегіндегі әскери қақтығыстар және тағы басқа көп нәрсе жайлы білесіз.
Бұл шығарылымның басты кейіпкері аңызға айналған инвестор Джим Роджерс болды. Ол Джордж Сороспен бірге Quantum Fund негізін қалап, кейіннен мотоциклмен дүниежүзілік саяхатқа аттанды, өйткені ол активтеріне инвестиция салатын нарықтарды өз көзіңмен көру керек деп есептеді. Джим бізге осы бірегей тәжірибеден түйген ең маңызды тұжырымдарын айтып берді.
Ықыласпен оқып, сәтті инвестиция жасаңыздар!