Финансист №3 (43) 2026

Алияр Ақымғалиев

Алияр Ақымғалиев

Freedom Finance Global қаржылық талдау департаментінің талдаушысы

ФРЖ алдындағы күрделі сынақ

Таяу Шығыстағы қақтығыс жағдайында Федералдық резерв жүйесінен қандай қадамдар күтуге болады

Тізгін басында

Кевин Уорш АҚШ Федералдық резерв жүйесінің төрағасы қызметіне 2026 жылғы мамырда, Иран төңірегіндегі қақтығыс классикалық мұнай шогын туындатқан кезеңде келді. Сол айда Brent маркалы мұнайдың бағасы бір баррель үшін 115 долларға дейін көтеріліп, жылдық инфляция деңгейі 4,2%-ға жетті.

Маусым айының соңына қарай жағдай біршама тұрақталды: бітімнің орнауы және Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының қалпына келе бастауы инфляцияның 3,5%-ға дейін төмендеуіне ықпал етті. Алайда өңірдегі ахуал әлі де белгісіз күйде қалып отыр және бұл бүкіл әлемдік экономикаға қысым көрсетуде. Дәл осындай жағдайда Уоршқа АҚШ орталық банкінің басшысы ретіндегі беделін қалыптастыруға тура келіп отыр. Өткен мұнай дағдарыстарының қандай сабақтары оған бағдар бола алады және қандай саясат ұстануы мүмкін екенін осы мақалада қарастырамыз.

Мұнай инфляцияның қозғаушы күшіне қалай айналады

Бұл үдерістің механизмі өте қарапайым: алдымен жанармай бағасы қымбаттайды, кейін бұл тасымал, өндіріс және тауар жеткізу шығындарының өсуіне әсер етеді. Одан әрі психологиялық фактор іске қосылады: егер инфляция ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде сақталса, тұтынушылар мен бизнес бағаның одан әрі өсе беретініне сене бастайды. Соның салдарынан олар тауарлар мен қызметтердің бағасын алдын ала көтереді. Мұндай жағдайда инфляцияны бақылауға алып, оны төмендету әлдеқайда қиынға соғады (толығырақ 30–31-беттерде).

Тарих сабақтары

Экономикалық күйзеліспен алғаш бетпе-бет келгендердің бірі 1973 жылы ФРЖ-ны басқарған Артур Бернс болды. Мұнай эмбаргосынан кейін (толығырақ 6–7-беттерде) АҚШ экономикасы әлсіреп тұрғандықтан, Федералдық резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемені күрт көтеруге батылы жетпеді. Соның салдарынан инфляция 1974 жылы 11%-ға дейін шарықтады.

1979 жылы жоғары инфляцияны мұра етіп алған Пол Волкер мүлде басқа жолды таңдады. Ол мөлшерлемені шамамен 20%-ға дейін көтеріп, қатаң ақша-несие саясатын жүргізді. Бұл шешім экономиканы рецессияға ұшыратқанымен, жоғары инфляциялық күтулерді ауыздықтауға мүмкіндік берді.

1990 жылғы Парсы шығанағындағы соғыс кезінде ФРЖ төрағасы болған Алан Гринспен анағұрлым сақ саясат ұстанды. Ол кезде экономика мұнай факторынан бөлек, қаржы секторындағы жаппай банкроттықтардың салдарынан да баяулап тұрған еді. Сондықтан Федералдық резерв жүйесі қысымды біртіндеп жұмсартуды жөн көрді.

Ал Джером Пауэлл 2022 жылғы мұнай шогын пайыздық мөлшерлемелерді көтеру циклі жүріп жатқан кезеңде қарсы алды. Пандемиядан кейін АҚШ-та инфляция айтарлықтай үдеп кеткендіктен, ФРЖ ақша-несие саясатын қатаңдатуды жалғастырды.

Пандемиядан кейінгі кезеңде АҚШ-тағы инфляция соңғы шамамен 40 жылдағы ең жоғары деңгейге жетіп, 9,1%-ды құрады.

Уорштың саясаты

Тағайындалғанға дейін «пайыздық мөлшерлеме бойынша көгершін»* деп сипатталған Кевин Уорштың риторикасы күткеннен әлдеқайда қатаң болып шықты. Шілде айында ол баға деңгейінің әлі де тым жоғары екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, FOMC-тің ресми мәлімдемесінде инфляция ішінара ұсыныс тарапындағы күйзелістермен, соның ішінде энергетика секторындағы факторлармен түсіндірілгенімен, Уорш комитеттің мұндай күйзелістерді жай ғана елемейтінін атап өтті. Керісінше, реттеуші энергия бағасының өсуі басқа тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына қаншалықты әсер етіп жатқанын бағалауға тырысады.

*Cтавкаларды төмендетуді немесе оларды көтеруге қарсы болуды қолдайтын жұмсақ ақша-несие саясатының жақтаушысы

Уорштың назарында мөлшерлемеден бөлек тағы бір маңызды бағыт бар. Ол – ФРЖ балансының көлемін қысқарту. Тағайындалғанға дейін-ақ ол қаржы жүйесіндегі өтімділікті азайтуды қолдаған болатын. Оның пікірінше, бұл инфляциялық қысымды төмендетуге көмектеседі, дегенмен өтімділікті тым жылдам қысқарту қаржы нарықтарында қиындықтар туындатуы мүмкін.

ФРЖ балансына қатысты ұстанымы басынан-ақ қатаң болғанымен, нарық қатысушылары оның пайыздық мөлшерлеме мәселесінде жұмсақ саясат жүргізеді деп күткен еді. Алайда іс жүзінде Уорш үзіліс жасап, баға өсімі энергетика секторынан тыс басқа тауарлар мен қызметтерге таралып, тұрақты сипатқа ие болған жағдайда мөлшерлемені көтеру мүмкіндігін жоққа шығармай отыр. Бұл оны инфляциямен күрес мақсатында қатаң ақша-несие саясатын қолдайтын, бірақ жағдайды жіті бақылап отырған «күте тұратын сұңқарға» айналдырады.

Әрі қарай не болады?

CME FedWatch** деректеріне сәйкес, нарық ФРЖ мөлшерлемесін қазан айында 25 б.п.-қа көтереді деп күтуде. Ал қыркүйек айында қайта қарау ықтималдығы шамамен 48% деңгейінде бағаланып отыр.

**ФРЖ мөлшерлемесіне қатысты нарықтық күтулерді көрсететін CME Group құралы

Сонымен қатар, егер геосаяси шиеленіс әлсіресе, инфляциялық қысым да пайда болғанындай жылдам басылуы мүмкін. Уорштың өзі нақты болжам жасаудан қашқақтайды, алайда ФРЖ баға өсімін жай ғана «уақытша сыртқы шок» деп қабылдап, инфляция басқа санаттарда да орныға бастаған жағдайда әрекет етуді кейінге қалдырмайтынын аңғартады.

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Есіл ауданы, Достық көшесі, 16-ғимарат, кіріктірілген тұрғын емес №2 үй-жай (Talan Towers Offices)

+7 7172 67 77 55  - Қазақстанның қалалық нөмірлерінен тегін, халықаралық және ұялы телефондардан - қоңырау ақылы

7555  - Қазақстанның мобильді операторларынан тегін [email protected], [email protected]

Алаяқтық әрекеттер немесе осы ресурстың қорғалу мәселелері туралы хабарлау: fbroker.kz/trustcenter

Бағалы қағаздар мен басқа да қаржы құралдарына иелік ету әрдайым тәуекелдермен келеді: бағалы қағаздар мен басқа да қаржы құралдарының құны өсуі де, төмендеуі де мүмкін. Бұрынғы инвестициялау нәтижелері болашақта кіріс алуға кепілдік бермейді. Заңнамаға сәйкес, компания болашақта салымдардың кірістілігіне кепілдік бермейді және уәде бермейді, мүмкін инвестициялардың сенімділігіне және мүмкін кірістер мөлшерінің тұрақтылығына кепілдік бермейді

«Freedom Finance Global PLC» жария компаниясы Қазақстан Республикасындағы «Астана» халықаралық қаржы орталығының (әрі қарай мәтін бойынша-АХҚО) аумағында бағалы қағаздар нарығында брокерлік (агенттік) қызмет көрсетеді. Компания АХҚО қолданыстағы заңнамасының талаптарын, шарттарын, шектеулерін және/немесе нұсқаулықтарын сақтаған кезде, No. AFSA-A-LA-2020-0019 лицензиясына сәйкес қызметтің келесі реттелетін түрлерін жүзеге асыруға уәкілетті: принципал ретінде инвестициялармен жасалатын мәмілелер, агент ретінде инвестициялармен жасалатын мәмілелер, инвестицияларды басқару, инвестициялар бойынша консультация ұсыну және инвестициялармен жасалатын мәмілелерді ұйымдастыру.

S&P Global рейтингтері – «BB-», болжамы «Оң».

Бағалы қағаздарға және басқа да қаржы құралдарына иелік ету үнемі тәуекелмен байланысты: бағалы қағаздар мен басқа да қаржы құралдарының құны өсуі немесе төмендеуі мүмкін. Кешегі күні салған инвестицияның нәтижесі болашақта кіріс алып келетініне кепілдік бермейді. Заңнамаға сәйкес, Компания салған қаражатыңыздың болашақта кіріс алып келетініне кепілдік және уәде бермейді, ықтимал инвестициялардың сенімділігіне және ықтимал кіріс мөлшерінің тұрақтылғына кепілдік бермейді.

Веб-сайттағы ақпарат деректердің өзектілігін сақтауға және ақпаратты ашуды реттеу талаптарын орындауға бағытталған. Өтінеміз, осы жаңартулар тек ақпараттық сипатта екенін және маркетингтік материалдар емес екенін ескеріңіз!