Финансист №2 (38) 2025
Ақылды инвестициялар
Біз инвесторлар үшін демалыс саласына байланысты компаниялардың ең қызықты акцияларын таңдадық
Михаил Денисламов,
Freedom Finance Global аналитика департаменті директорының орынбасары

United Airlines Holdings (UAL) – United Airlines компаниясының негізгі құрылымы, әлемдегі жетекші авиатасымалдаушылардың бірі. FactSet деректері бойынша United Airlines және онымен үлестес компаниялар келісімшарттық модель бойынша жұмыс істейтін ASM көрсеткіші бойынша әлемдегі ең ірі желі болып табылады (қолжетімді кресло-миль). Халықаралық бағыттардағы белсенді экспансияның арқасында менеджмент премиум өнімдерге назар аударуды күшейтеді, ал сұраныс тұрақты өсуді көрсетеді. Бұл сегменттегі өсім авиатасымалдаушының бюджеттік бөлімшесінің қалпына келуінен едәуір асып түседі. Іске асырылып жатқан стратегия оның рентабельділігін арттыруға ықпал етеді.

Pinterest (PINS) – өзін-өзі көрсетуге, жобаларды жоспарлауға және бірегей контент жасауға арналған кеңістігі бар визуалды іздеу онлайн-платформасы. Таңдалған модель бұл ресурстың шығармашылық тұлғалар мен брендтер үшін тартымдылығын қамтамасыз етеді. Компания табыстың тұрақты өсуін көрсетіп отыр және монетизацияны белсенді жүргізуде. Түсімнің орташа жылдық өсу болжамы 2028 жылға қарай операциялық маржаның 5%-дан 15%-ға дейін артуы кезінде оны 13–15% диапазонында қалыптастырады. Pinterest дамуға белсенді инвестиция салып жатыр, ал оның табысы үшін маңызды онлайн-жарнама нарығы АҚШ-тың тарифтік саясатының елеулі тәуекелдеріне ұшырамайды.

VICI Properties (VICI) – американдық жылжымайтын мүлік қоры (REIT), қонақүй және ойын-сауық бизнесі саласындағы ірі объектілердің иелерінің бірі. Компанияның меншігінде қонақүйлер, гольф алаңдары, демалыс инфрақұрылымы бар. Активтердің негізгі бөлігі ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша жалға берілген, бұл эмитентке болжамды ақша ағынын қамтамасыз етеді және оның операциялық тәуекелдерін төмендетеді. Борыштық жүктеме қалыпты деңгейде қалып отыр (активтердің шамамен 39%). Тиімді бизнес-модель, көрсеткіштердің тұрақты өсуі және 5%-дан жоғары дивидендтік кірістілік есебінен VICI тұрақты кіріске бағдарланған ұзақ мерзімді инвесторлар үшін тартымды құрал болып табылады.

Adobe (ADBE) – графикалық және веб-дизайнға, сондай-ақ әртүрлі полиграфиялық өнімдерге арналған әлемдегі ең ірі әрі сұранысқа ие бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуші. Компанияның бизнесі тұрақты дамып келеді, ол генеративті AI-ға белсенді түрде инвестиция салып, осы шешімдерді Creative Cloud және Firefly өнімдеріне біріктіруде. Компанияның мультипликаторлары тартымды көрінеді: форвардтық P/E бойынша (күтілетін пайдаға баға) Adobe 18,6х деңгейінде бағаланады. Акцияға шаққандағы пайданың болжамды орташа өсімі алдағы үш жылда 10%-дан асады. ADBE қағаздарындағы ағымдағы түзету ұзақ мерзімді инвестициялар үшін қызықты мүмкіндік береді.
Ерлан Әбдікәрімов,
Freedom Broker қаржылық талдау департаментінің директоры

The Walt Disney Company (DIS) II қаржы тоқсаны үшін табысты есеп берді. Корпорация табысының өсуінің негізгі драйвері тақырыптық парктер мен курорттар болып қала береді. Стримингтік сегменттің интеграциясы кинотеатрлардан тыс франшизаларды монетизациялауды күшейтеді. Direct-to-Consumer моделін пайдалану тұрақты пайдалылықты қамтамасыз етеді. Оған бизнесті әртараптандыру да ықпал етеді. Бос ақша ағынының қалпына келуі және пандемия кезінде басталған бизнесті трансформациялаудың аяқталуы Disney-ге операциялық тиімділікті тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Осының бәрі DIS акцияларының инвестициялық тартымдылығын және олардың өсу әлеуетін арттырады.

Live Nation Entertainment (LYV) билеттерді сатуды жандандыру, рекордтық кейінге қалдырылған түсім және сенімді географиялық экспансия есебінен қаржылық көрсеткіштерді жақсартуды жалғастырады. Компанияның кірісі I тоқсанда төмендегенімен, оның маржиналдылығы артты. Жарнамалық-демеушілік қызметтен түсетін кірістің 85%-ы ағымдағы жылы келісімшартпен бекітілген, бұл бизнестің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Монетизация әлеуеті меншікті алаңдар желісін кеңейтудің арқасында күшейеді. 2025 жылы аудиторияны қамту осының есебінен 2–3 млн-ға артады. Барлық аталған факторлар LYV акциялары үшін орта және ұзақ мерзімді инвестициялар тұрғысынан жоғары тартымдылық тудырады.

Take-Two Interactive Software (TTWO) әлі де жете бағаланбаған күйде қалып отыр, дегенмен оның акциялары GTA 6 премьерасы туралы анонстан кейін максимумдарды жаңартты, ал оның сатылымы табыстың қарқынды өсуін уәде етеді. Компанияның жоспарында басқа да культтік сериялардың жалғасын шығару бар, бұл олардың алдын ала сатылымдарының рекордтық көлемін болжауға мүмкіндік береді. Эмитент үшін тәуекелдер қатарында жоғары операциялық шығыстар мен мобильді сегменттің әлсіздігі бар. Take-Two бизнесінің тұрақтылығын цифрлық кірістердің артуы және тиімді менеджмент қамтамасыз етеді. Мультипликаторлар бойынша қалыпты бағаларды, бірегей ойындар желісін және табыстың оптимистік болжамдарын ескере отырып, TTWO акциялары айтарлықтай өсу әлеуетін сақтайды.

Planet Fitness (PLNT) IPO сәтінен бері 500%-дан астам қымбаттады. 2025 жылға арналған орташа консервативті болжамдарда түсімді $3 млрд-қа дейін, ал түзетілген EBITDA көрсеткішін $1,2 млрд-қа дейін арттыру және акциялардың екі таңбалы кірістілігі қарастырылған. Бұған капитал рентабельділігін арттыру және халықаралық экспансия арқылы қол жеткізіледі. Компания қызметтеріне сұраныс пен премиум жазылымдардың үлесі жоғары болып қалуда. Бизнес инфляцияға және реттеу өзгерістеріне табысты бейімделіп, сыртқы күйзелістерге төзімділігін дәлелдеп отыр. Тәуекелдер қатарында импорттық тарифтердің әсері және желінің кеңеюінің баяулауы бар. Дегенмен PLNT акцияларының ұзақ мерзімді өсу әлеуеті сақталып отыр.
Апсайдтар мен баға белгіленімдері 2 маусымдағы жағдай бойынша ұсынылған