Инвестициялық шолу №351. S&P 500 жаңа максимумдарда
Freedom Holding Corp. жаңалықтары
Freedom Holding тоқсандық есептілігін ұсынды
Холдингтің 2026 жылғы 30 маусымда аяқталған 2027 қаржы жылының бірінші тоқсанындағы түсімі өткен жылғы $524 млн-ға қарсы $732,9 млн-ды құрады. Өсім пайыздық және комиссиялық кірістердің артуымен, сондай-ақ саудаланатын бағалы қағаздармен жүргізілген операциялардан түскен түсімдердің оң динамикасымен негізделді. Салық салуға дейінгі пайда $40,8 млн-ға жетті, таза пайда $31,7 млн-нан асты, ал жай акцияға шаққандағы пайда $0,52-ні құрады.
Холдинг компанияларының клиенттік базасы 8,7 млн-ға дейін кеңейді. Freedom экожүйесі клиенттерінің жалпы саны, серіктес компаниялардың пайдаланушыларын қоса алғанда, бір жыл бұрынғы 11,7 млн-ға қарсы 13,8 млн-нан асты.
Холдингтің пайыздық кірісі маржалық заемдар мен берілген кредиттерден, сондай-ақ бағалы қағаздармен және басқа да қаржылық құралдармен жүргізілген операциялардан түсетін түсімдердің өсуі арқасында $198,6 млн-нан $295,1 млн-ға дейін ұлғайды.
Компанияның комиссиялық кірістері көрсетілген брокерлік қызметтер көлемінің артуы нәтижесінде $107,6 млн-нан $156,7 млн-ға дейін өсті.
Бағалы қағаздар саудасынан түскен таза пайда өткен жылғы $45,6 млн-нан $79,8 млн-ға дейін ұлғайды. Өткен жылы тіркелген $12,9 млн көлеміндегі валюталық операциялардан болған шығын $13,7 млн сомасындағы пайдамен алмасқан.
Freedom Holding Corp. «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры арқылы Қазақстандағы әлеуметтік бастамалар мен орнықты даму жобаларын іске асыруға жүйелі түрде инвестиция салып келеді. 2026 күнтізбелік жылдың бірінші жартыжылдығында осы мақсаттарға шамамен $25 млн бағытталды.
Freedom Holding Corp. Bilim Group-тағы үлесті сатып алды
Freedom Holding Corp. қызметі EdTech құралдарын дамытуға бағытталған Қазақстандағы ең ірі технологиялық компания — Bilim Group LTD-нің негізгі инвесторы болды.
Мәмілені Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мақұлдады, бұл барлық қажетті реттеуші талаптарға сәйкестігін растайды және тараптарға білім беру интернет-технологиялары саласындағы ортақ стратегиялық бастамаларды іске асыруға кірісуге мүмкіндік береді.
Freedom экожүйесі шеңберінде EdTech бағытын дамыту қоғам үшін маңызды әрі бәсекеге қабілетті бастамаларды іске асыруға, елдің адами капиталын арттыруға жәрдемдесу үшін білім беру саласындағы инновацияларды қолдауға мүмкіндік беретін жалпыәлемдік трендтерге сай келеді.
«Бұл біз үшін ең озық технологиялар арқылы Қазақстан мен Орталық Азиядағы EdTech-сервистерді дамытуға бағытталған стратегиялық қадам. Қаржылық және білім беру технологияларының синергиясы миллиондаған пайдаланушы үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына және пайдалы, әлеуметтік маңызы бар сервистерді ыңғайлы форматта әрі тегін ұсынуға жағдай жасайтынына сенеміз. Осы бағыт аясында біз OpenAI компаниясымен ынтымақтастықты дамытуды және ең заманауи қазақстандық өнімдерді, әзірлемелерді әрі халықаралық серіктестіктерді пайдалана отырып, сапалы электрондық білім беру қызметтерімен анағұрлым көп пайдаланушыны біртіндеп қамту үшін EdTech-сервистерді біздің SuperApp қосымшамызға интеграциялауды жоспарлап отырмыз», — деп түсіндірді оқиғаны Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов.