Финансист №2 (42) 2026

Аяжан Берікбаева
Freedom Broker инвест-тәлімгері
Жастар мықты ма?
Жаңа буын аға ұрпаққа үйреншікті емес инвестициялық стратегияларды неліктен және қалай таңдайды
Қор нарығында сауда жасау әлдеқашан жаһандық қаржы жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды. 1990 жылдардың соңы мен 2010 жылдардың басында дүниеге келген «зумерлер» (Gen Z) бағалы қағаздар нарығына әлдеқайда ерте келеді және алдыңғы буындарға мүлде ұқсамайтын жаңа мінез-құлық үлгісін қалыптастыруда. Олар шешім қабылдау жылдамдығымен, тәуекелді қабылдау тәсілімен, сондай-ақ ұзақмерзімді мақсаттарымен ерекшеленеді.
Өзге өмір
Осыдан небәрі он жыл бұрын инвестициялық қызмет қаржылық тұрғыдан есеюдің бір кезеңі ретінде қабылданатын. Алдымен білім алып, тұрақты табыс көзіне қол жеткізу керек, содан кейін ғана жинақ қалыптастырып, тек одан соң қор нарығына шығу қисынды саналды. Бүгінде бұл логика өзектілігін жоғалтты. Зумерлер ұзақ «дайындық кезеңінсіз», ресми рұқсатсыз және, ең бастысы, қор нарығында сауда жасау үшін міндетті түрде сарапшы болу керек деген түсініксіз-ақ әрекет етеді. CFA Institute кәсіби инвесторлар қауымдастығы мен брокерлерді қадағалаушы FINRA жүргізген зерттеулерге сәйкес, Gen Z өкілдерінің 56%-ы қазірдің өзінде инвестициямен айналысады, ал бұл жас тобының едәуір бөлігі биржалық операцияларды 18 жасқа толмай-ақ бастап үлгерген.
Инвестиция жастардың өмір жолы бастала салып-ақ пайда бола бастады. Бұған қаржы саласының демократиялануы айтарлықтай ықпал етті. Бұрын нарыққа кіру үшін белгілі бір дәрежеде қомақты капитал қажет болса, бүгінде «кіру билеті» небәрі бірнеше доллар ғана болуы мүмкін. Биржада сауда бастауы үшін тақырыпқа базалық қызығушылық пен смартфонның болуы жеткілікті. Мәміле жасауға арналған ыңғайлы қосымшалар мен бөлшектеп алынатын акциялар нарықты кез келген өзге цифрлық сервистер секілді қолжетімді етті.
Шешім қабылдау архитектурасы да өзгерді. Бұрын инвестициялық логика талдауға, есептілікке және кәсіби қатысушылардың пікіріне негізделсе, бүгінде негізгі рөлді цифрлық орта атқарады. YouTube, TikTok, Reddit және іздеу платформалары ақпарат алудың басты арналарына айналды, ал ақпарат көлемі оны өңдеу қабілетінен әлдеқайда жылдам өсуде. Осындай жағдайда мінез-құлықтық факторлардың ықпалы күшейеді, соның ішінде жиі айталатын мүмкіндікті жіберіп алу синдромы (FOMO). Зумерлердің шамамен жартысы инвестициялық шешімдерді кем дегенде бір рет осы әсердің ықпалымен қабылдағанын мойындайды. Оның үстіне, көп жағдайда дәл осы әсер олар үшін нарыққа кіру нүктесіне айналады. Осы тұрғыдан алғанда, Gen Z үшін инвестиция – тек табысты арттыру стратегиясы ғана емес, сонымен қатар, жалпы трендтерге берілген жауап.
Осы жерде және дәл қазір
Жаңа буынның инвестицияға қызығушылығын тек онлайн-қосымшалардың қолжетімділігімен немесе әлеуметтік желілердің ықпалымен ғана түсіндіру жеткіліксіз – бұған заманның өзі де әсер етуде. Біздің уақытымыздағы ең басты өзгеріс – қандай да бір кепілдіктердің жойылуы. Еңбек нарығы барған сайын бәсекелі әрі болжап болмайтын сипат алды, геосаяси тұрақсыздық күшейді, экономикалық циклдер қысқарып, дағдарыстар жиілей түсті.
Бұл факторлардың барлығы зумерлердің қаржылық жоспарлауға деген көзқарасын өзгертуде. Олар үшін инвестициялау жеңіл әрі тез табыс табуға бағытталған сұраныс емес, болашақты өз бақылауына алуға деген ұмтылыс. Адам ондаған жыл бойы бір компанияда жұмыс істейтін модель енді жалғыз мүмкін нұсқа ретінде қабылданбайды. Тұрақтылықтың өзі сирек құбылысқа айналған қазіргі әлемде Gen Z қаржылық еркіндікті өмірдің кейінгі кезеңіне қалдыруға дайын емес.
CFA Institute пен FINRA жүргізген зерттеулерге сәйкес, Gen Z өкілдері арасында ең танымал инвестициялар – криптовалюталар мен жекелеген акциялар. Мұндай таңдау оларды көбіне әртараптандыруға және анағұрлым консервативті стратегияларға басымдық беретін аға «әріптестерінен» ерекшелейді. Алайда бұл айырмашылықтың артында классикалық құралдар капиталды жылдам өсіруге мүмкіндік бермейтін жағдайда жоғары әлеуетті кірістілікке ұмтылыс жатыр.
Болашаққа бағдар
Gen Z-ді ерекшелендіріп тұратын тағы бір фактор – қоғамдық маңызы бар мәселелерге деген жоғары сезімталдық. Цифрлық дәуірде қалыптасқан бұл буын компаниялардың экологиялық және әлеуметтік күн тәртібіне, ал кей жағдайларда саяси факторларға да жиі назар аударады. Бұл олардың ұзақмерзімді жоспарлау көкжиегімен тікелей байланысты: зумерлердің алда әлі тұтас ғұмыры бар, сондықтан өз шешімдерінің салдары олар үшін ерекше маңызды.
Инвестор жазылымы. Freedom Broker тәжірибелі тәлімгерлердің қолдауымен инвестициялауды бастаңыз. Олар өз портфельдеріне қандай акцияларды сатып алатынын көрсетеді.