Финансист №2 (42) 2026

Аяжан Берікбаева
Freedom Broker инвест-тәлімгері
Жастар мықты ма?
Жаңа буын аға ұрпаққа үйреншікті емес инвестициялық стратегияларды неліктен және қалай таңдайды
Қор нарығында сауда жасау әлдеқашан жаһандық қаржы жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды. 1990 жылдардың соңы мен 2010 жылдардың басында дүниеге келген «зумерлер» (Gen Z) бағалы қағаздар нарығына әлдеқайда ерте келеді және алдыңғы буындарға мүлде ұқсамайтын жаңа мінез-құлық үлгісін қалыптастыруда. Олар шешім қабылдау жылдамдығымен, тәуекелді қабылдау тәсілімен, сондай-ақ ұзақмерзімді мақсаттарымен ерекшеленеді.
Өзгелердің өмірі
Зумерлер үшін қор нарығында сауда жасауға міндетті түрде сарапшы болу керек деген түсінік тән емес. CFA Institute кәсіби инвесторлар қауымдастығы мен брокерлерді реттеуші FINRA жүргізген зерттеу деректері бойынша, Gen Z өкілдерінің шамамен 56%-ы инвестициямен айналысады, олардың көбі нарыққа 18 жасқа дейін-ақ кірген.
Бұған қаржы саласының демократиялануы әсер етті. Қазір биржада сауда бастау үшін тақырыпқа деген бастапқы қызығушылық, аздаған қаражат және смартфон болса жеткілікті. Ыңғайлы сауда қосымшалары мен бөлшек акциялар нарықтағы операцияларды кез келген цифрлық сервистер сияқты қолжетімді етті.
Бүгінде инвестициялық шешімдер тек талдауға, компаниялардың қаржылық есептеріне немесе кәсіби қатысушылардың пікіріне ғана сүйенбейді. Цифрлық орта мен адамның тоқтаусыз ақпарат ағынын сүзу қабілеті де маңызды рөл атқарады. Мұндай жағдайда психологиялық факторлардың, әсіресе мүмкіндікті жіберіп алу қорқынышының (FOMO) ықпалы күшейеді. Зумер-инвесторлардың шамамен жартысы кем дегенде бір рет осындай әсермен шешім қабылдағанын мойындайды, ал кейбірі үшін бұл нарыққа келудің негізгі себебі болған. Яғни, Gen Z үшін инвестиция — бір жағынан жалпы трендтерге жауап болса, екінші жағынан табысты арттыру стратегиясы.
Осы жерде және дәл қазір
Еңбек нарығы бәсекеге қабілетті бола түсті, әрі оны болжап білу қиынға түсуде, геосаяси тұрақсыздық күшейді, экономикалық циклдер қысқарды, ал дағдарыстар бұрынғы онжылдықтарға қарағанда жиірек орын алатын болды.
Осындай жағдайда инвестиция жеңіл әрі тез табыс табудың құралы емес, ең алдымен болашақты өз бақылауына қайтаруға ұмтылыс ретінде қарастырылады. Адам ондаған жыл бойы тұрақтылық үшін бір компанияда жұмыс істеу үлгісі енді жалғыз мүмкіндік ретінде қабылданбайды. Тұрақтылықтың өзі сирек құбылысқа айналып бара жатқан әлемде Gen Z қаржылық еркіндікті өмірдің кейінгі кезеңіне қалдыруға дайын емес.
Осы тұрғыда инвестиция «әйтеуір бір кезде» емес, дәл қазір табыс табуға мүмкіндік беретін құралдардың бірі ретінде қабылдана бастайды. Активтерді таңдау да жаңа буынның осы мінез-құлқын айқын көрсетеді. Криптовалюта мен жекелеген акцияларға басымдық беру зумерлерді жиі әртараптандыруды және консервативті стратегияларды таңдаған аға буын инвесторлардан ерекшелендіреді. Алайда, мұның астарында классикалық құралдар капиталды тез өсіруге әрдайым мүмкіндік бермейтін жағдайда жоғары табыс әлеуетіне ұмтылыс жатыр.
Болашаққа бағдар
Gen Z-ді ерекшелендіріп тұратын тағы бір фактор – қоғамдық маңызы бар мәселелерге деген жоғары сезімталдық. Цифрлық дәуірде қалыптасқан бұл буын компаниялардың экологиялық және әлеуметтік күн тәртібіне, ал кей жағдайларда саяси факторларға да жиі назар аударады. Бұл олардың ұзақмерзімді жоспарлау көкжиегімен тікелей байланысты: зумерлердің алда әлі тұтас ғұмыры бар, сондықтан өз шешімдерінің салдары олар үшін ерекше маңызды.
Инвестор жазылымы. Freedom Broker тәжірибелі тәлімгерлердің қолдауымен инвестициялауды бастаңыз. Олар өз портфельдеріне қандай акцияларды сатып алатынын көрсетеді.