Финансист №2 (42) 2026

Турал Алиев
Freedom Broker кіші талдаушысы
Жаңа байлар
Станоктан хай-текке дейін: миллиардтық капиталдардың шежіресі
1916 жылы америкалық газеттер алғаш рет байлығы бір миллиард доллардан асқан адам туралы жазды. Бір ғасырдан кейін мұндай көлемдегі капиталға ие адамдар саны үш мыңнан асып кетті. Осы уақыт аралығында тек миллиардерлер саны ғана емес, осы деңгейге жету жолдары да өзгерді. Әлемдік аса бай адамдардың қалыптасу тарихы әртүрлі экономикалық кезеңдердегі ең сұранысқа ие активтердің өзіндік бір көрінісі іспеттес.
Біріншісі кетті
Джон Дэвисон Рокфеллер еңбек жолын аптасына 3,57 доллар жалақы алатын бухгалтер болып бастады. 1870 жылы ол Standard Oil компаниясын құрды. Бұл кәсіпорын бәсекелестерін жүйелі түрде сатып алып немесе жойып, ақырында АҚШ-тағы мұнай өңдеу саласының 90 пайызына бақылау орнатты. Осы корпорацияның америкалық экономикаға ықпалына қарсы тұру үшін Конгресс антимонополиялық заңнаманы әзірлеуге мәжбүр болды.
Газеттер Рокфеллерді миллиардер деп жариялаған кезде, оның байлығы АҚШ-тың жалпы ішкі өнімінің шамамен 1–1,5% пайызына тең деп бағаланған. Қазіргі есеппен бұл шамамен 300 миллиард доллар.
XIX–XX ғасырлардың тоғысында қазіргі түсініктегі миллиардерлерді саусақпен санауға болатын. Олардың байлығы физикалық активтерді — құбыр желілерін, теміржолдарды, домна пештерін иелену есебінен қалыптасты. Инфрақұрылым салуға, мыңдаған жұмысшы жалдауға, кәсіподақтармен дауға ондаған жылдар жұмсалды, ал капитал өте баяу жинақталды.
Барлығы Ұлы депрессия кезеңінде өзгерді. Көпшілік ақшасынан айырылып жатқанда, аз ғана топ құны төмендеген активтерді сатып алумен айналысты. Мәселен, Джон Пол Гетти нарықтың ең төменгі деңгейінде мұнай акцияларына инвестиция жасап, 1950-жылдардың ортасына қарай Fortune журналының нұсқасы бойынша әлемдегі ең бай жеке тұлғаға айналды. Ал Говард Хьюз авиацияның коммерциялық болашағы әлі анық болмаған кезде осы салаға қаржы құйды. Екі стратегияны біріктірген бір нәрсе болды: басқаларға тым тәуекелді болып көрінген мүмкіндіктерге сенім арту.
1960–70-жылдар — мұнай үстемдігі күшейіп, ритейл саласында күтпеген серпілістер болған кезең. 1973 жылғы ОПЕК дағдарысы Техас мұнайшыларын бірнеше айдың ішінде долларлық магнаттарға айналдырды. Дәл осы уақытта Сэм Уолтон Арканзаста алғашқы Walmart дүкендерін ашты, өйткені ол шағын қалалардағы бөлшек сауда жеткілікті бағаланбаған, бірақ болашағы зор нарық деп санады. 1985 жылы Forbes оны алғаш рет АҚШ-тағы ең бай адам деп атағанда (2,8 миллиард доллар), Walmart акциялары әлі Уолл-стриттің негізгі таңдауларының қатарында болмаған еді.
Заманның өзгеруімен бірге «алтын тізімдер» де жаңарып отырды. Forbes-тың алғашқы жаһандық рейтингі (1987) 140 миллиардерден тұрды, олардың жиынтық байлығы 295 миллиард долларды құрады. Сол кезде тізімді жапондық девелопер Ёсиаки Цуцуми басқарды, алайда бүгін бұл есімді көпшілік біле бермейді.
1990-жылдары интернеттің жаппай таралуы жаңа кейіпкерлерді дүниеге әкелді. Билл Гейтс 31 жасында миллиардер атанды және мұны мұнай өндіру немесе жылжымайтын мүлік құрылысы арқылы емес, өзінің Windows операциялық жүйесінің арқасында жүзеге асырды. Бір рет жазылған бағдарламалық кодты қосымша шығынсыз шексіз қайта сатуға болатыны белгілі болды. 1999 жылға қарай Гейтстің байлығы белгілі бір кезеңде 100 миллиард доллардан асты. Мұндай межеге оған дейін ешкім жеткен емес.
XXI ғасырдың миллиардерлері
2011 жылдың тамызында көпшіліктің назарынан тыс қалған маңызды оқиға болды: Apple (AAPL) ExxonMobil (XOM) компаниясын басып озып, әлемдегі ең қымбат компания атанды. Бұл жай ғана қаржылық рекорд емес, тұтас бір дәуірдің ауысуы еді. ExxonMobil жүз жылдан астам уақыт бойы мұнай өндіріп, бірнеше құрлықтағы құбыр желілеріне иелік етті, оның кәсіпорындарында ондаған мың адам жұмыс істеді. Ал Apple компьютерлер, телефондар және бағдарламалық қамтамасыз ету өнімдерін шығарды.
Айырмашылық — өнімдердің ауқымдану мүмкіндігінде. Мұнайды екі есе көп сату үшін, ұңғымалар санын да екі есе арттыру қажет. Ал iPhone сатылымын екі еселеу үшін тағы бір дүкен ашу жеткілікті. Мұнай бизнесіндегі жалпы маржа шамамен 30–40% болса, оның едәуір бөлігі капиталдық шығындарға жұмсалады. Ал жетекші технологиялық платформаларда жалпы маржа 75–90%-ға жетеді, әрі бағдарламалық өнімнің әрбір қосымша көшірмесінің шекті құны нөлге тең. Дәл осы қарапайым арифметика 2000 жылы Apple-ге салынған 1 доллардың бүгінгі таңда шамамен 700 долларға айналуын түсіндіреді.
ExxonMobil тағдыры да осының айқын мысалы. 2020 жылы оның акциялары құрамында жүз жылға жуық болғаннан кейін Dow Jones индексінен шығарылды. Оның орнын бұлтты сервис саналатын Salesforce (CRM) басты.
Бүгінгі Forbes тізімі технологиялық революцияның айқын көрінісі. Әлемдегі ең бай он адамның сегізі – Илон Маск (Tesla Motors, TSLA), Джефф Безос (Amazon, AMZN), Марк Цукерберг (Meta Platforms, META), Ларри Эллисон (Oracle, ORCL), Дженсен Хуанг (NVIDIA, NVDA), Стив Балмер (Microsoft, MSFT), сондай-ақ Alphabet (GOOGL) компаниясынан Ларри Пейдж бен Сергей Брин – жоғары технологиялар саласында байыған. Уоррен Баффет (Berkshire Hathaway, BRKb) пен Бернар Арно (LVMH) – осы заңдылықты тек растайтын ерекшеліктер.
Дженсен Хуангтың тарихы бұл үрдісті айқын көрсетеді. 2016 жылы NVIDIA негізін қалаушысының байлығы шамамен 3 миллиард долларды құрады. Бұл жиырма жылдан астам уақыт бойы компания құрған адам үшін елеулі нәтиже болғанымен, ерекше жетістік саналмайтын. Алайда кейін әлем жасанды интеллекті ашып, оның NVIDIA видеокарталарынсыз мүмкін еместігін түсінді.
2025 жылға қарай Хуангтың байлығы 170 миллиард доллардан асты. Оның шамамен 96 пайызы небәрі бес жылдың ішінде қалыптасты. Салыстыру үшін: Джон Дэвисон Рокфеллер алғашқы миллиардқа жету үшін 46 жыл жұмсаған.
2010 жылдан 2025 жылға дейін әлемдегі миллиардерлер саны үш есеге артты: 1 011 мыңнан 3 028 мыңға дейін өсті, әрі бұл тізім негізінен ІТ-сектор есебінен кеңейді. Осы 15 жыл ішінде ең бай адамдардың жиынтық байлығы төрт жарым есеге өсіп, 16,1 триллион долларға жетті.
Орнын алмастыру
Бүгінде жаһандық экономиканың жүрегі технологиялық «отынмен» жұмыс істейді, бірақ уақыт өте келе оның орнын жаңа ресурстар басады, олардың айналасында келесі буын аса бай кәсіпкерлер қалыптасады. Бұл Маск пен Цукерберг өз орындары үшін алаңдауы керек дегенді білдірмейді. Әлбетте, әлемдік тарих дамуының заңдылығы сондай.
Айтпақшы, жеке инвестор да Forbes-тың жаһандық тізіміндегі болашақ өзгерістерден пайда көре алады. Ол үшін әлемдік трендтерден хабардар болып, ұзақ мерзімді ойлап, әрине, қор нарығы ұсынатын мүмкіндіктерді пайдалану жеткілікті.

Дереккөз: Forbes
*Планетадағы ең бай адам пайда болған жыл
**Көрсетілген жылғы байлығы