Финансист №2 (42) 2026

Егор Толмачев
Freedom Finance Global аға талдаушысы
Еңбектерінің жемісі
Қарт американдықтар қандай табыс көздерімен өмір сүреді
Бүгінде лайықты зейнетақының формуласы – бұл мемлекет қолдауы мен азаматтың жеке бастамасының үйлесімі. Яғни, адам жастайынан қаржылық әл-ауқатқа ұмтылуы тиіс.
Осындай үйлесімнің жарқын мысалы ретінде әлемдегі ең дамыған әрі ашық жүйелердің бірі саналатын АҚШ зейнетақы жүйесін атауға болады. Ол мемлекеттік кепілдіктерді жеке жинақ пен инвестициялау мәдениетінің кең таралуымен ұштастырып, қартайған шақтағы қаржылық қамтамасыз етудің үш деңгейлі моделін қалыптастырады. АҚШ зейнетақы жүйесінің «үш тағаны» – Social Security мемлекеттік бағдарламасы, корпоративтік зейнетақы жоспарлары және жеке зейнетақы шоттары (IRA).
Алдағы бөлімде америкалықтардың болашақта лайықты зейнетақы алу үшін не істейтіні туралы айтып беретін боламыз.
Мемлекет
Social Security – бұл бөлу қағидаты бойынша жұмыс істейтін міндетті мемлекеттік бағдарлама: қазіргі жұмыс істеп жүрген азаматтар FICA табыс салығы арқылы зейнетке шыққан адамдарды қаржыландырады. 2025 жылғы қыркүйектегі деректер бойынша, осы схема аясында 68 млн америкалық төлем алған. Оның ішінде 54 млн адам – еңбек жолын аяқтап, зейнетке шыққан бұрынғы қызметкерлер, ал қалғандары мүгедектік бойынша жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылған отбасы мүшелері ретінде төлем алған.
Осы бағдарлама аясында төленетін медианалық сома айына шамамен $1700, ал орташа зейнетақы көлемі шамамен $2100 деңгейінде. Мұндай кіріспен өмір сүру айтарлықтай қиын. GOBankingRates сервисінің бағалауынша, АҚШ-та зейнеткер жұптың комфортты өмір сүруі үшін жылына $37,5 мыңнан (Батыс Вирджиния штатында) бастап, $80–90 мыңға дейін (Массачусетс пен Калифорнияда) табыс қажет. АҚШ бойынша ортақ медианалық бағалау жылына $52,3 мыңды құрайды. Осылайша, АҚШ-та да мемлекеттік зейнетақы алушылардың жартысынан көбі үшін бұл төлемдер комфортты өмір сүруге жеткіліксіз болып отыр.
Жұмыс беруші
Корпоративтік зейнетақы жоспарлары түбегейлі екі түрлі типке бөлінеді. Біріншісі – тұрақты төлемі бар жоспарлар (DB). Екіншісі – тұрақты жарналары бар жоспарлар (DC). DB-жоспарлар – бізге таныс схема бойынша жұмыс істейді: жұмыс беруші болашақтағы өмір бойғы зейнетақы төлемінің мүшелеріне кепілдік береді. Ол әдетте мынандай формуламен есептеледі: коэффициент × еңбек өтілі жылдары ×соңғы орташа жалақы. Коэффициенттің типтік деңгейі жылына 1–2% шамасында болады. Бұл 30 жылдық еңбек өтілі жағдайында зейнетте соңғы жалақының 30–60%-ын алмастыратын табыс деңгейін қамтамасыз етеді.
Мұндай зейнетақыларды көбінесе дәстүрлі өнеркәсіптік корпорациялар, сондай ақ кейбір банктер мен сақтандыру компаниялары төлейді. Бұл компаниялар Social Security бағдарламасы бойынша төлемдерді толықтыра отырып, жоғарыда көрсетілген формулаға сәйкес өмір бойғы төлемді қамтамасыз етеді. National Institute for Retirement Security бағалауынша, АҚШ та жеке сектор мен мемлекеттік сектор қызметкерлері арасында DB жоспарларға қатысушылардың саны шамамен 50 млн адамды құрайды, оның ішінде зейнеткерлер де бар.
DC-жоспарлар – корпоративтік зейнетақының заманауи стандарты болып саналады, бұл жерде болашақтағы зейнетақы мөлшері емес, жарна көлемі ғана кепілдендіріледі. Мұндай жағдайда инвестициялық тәуекел жұмыс берушіге емес, қызметкердің өзіне жүктеледі. Carry сервисі мен ICI ұйымының бағалауынша, DC-жоспарларға шамамен 70 млн америкалық белсенді қатысады, ал жинақталған қаражаттың жалпы көлемі $14 трлн-ға жетеді. 65 жастан асқан бір қатысушыға шаққанда, медианалық активтер $95 мыңды, ал орташа көлемі $300 мыңды құрайды. Жылына 4% алу стратегиясы қолданылған жағдайда, бұл $4 мыңнан $12 мыңға дейін қосымша табыс әкеледі. Қолда бар бағалауларға сәйкес, қазіргі кезде осындай табысты 62–75 жас аралығындағы АҚШ зейнеткерлерінің шамамен 17%-ы алып отыр (EBRI деректері). DC-жоспарлардың маңызды ерекшелігі – жиналған қаражат мұраға қалдырылуы мүмкін.
Азамат
Америкалық зейнетақы жүйесінің негізгі элементі – жеке жинақтар. IRA – бұл еңбек табысы бар азамат брокерде немесе банкте аша алатын жеке зейнетақы шоты. 2024 жылдың ортасында АҚШ-тағы үй шаруашылықтарының 44%-ында (57,9 млн) IRA шоттары болған. Көпшілік үшін бұл құрал корпоративтік зейнетақы жоспарын алмастырмайды, керісінше, оны толықтырады. IRA ның басты артықшылығы – салықтық режим. Әдетте салықтық шегерім жарна салу кезеңінде беріледі, алайда қаражатты алған кезде мемлекетке салық төлеу қажет болады. Ал сенатор Уильям Роттың атымен аталған Roth IRA нұсқасы керісінше жұмыс істейді: жарна салу кезінде салықтық жеңілдіктер қарастырылмайды, бірақ инвестициялық табыс пен зейнетке шыққаннан кейін қаражатты алу, әдетте, салық салудан босатылады. Негізінде, осы екі форматтың арасындағы таңдау – салықтық тиімділікті қазір пайдалану немесе оны болашаққа қалдыру дегенді білдіреді. IRA шоттарында, DC-жоспарлардағыдай, инвестициялық тәуекел толықтай қызметкердің өзіне жүктеледі: егер акциялар нарығы зейнетке шығу қарсаңында құлдыраса, табыс көлемі де соған сәйкес төмендейді. Сондықтан IRA бойынша бекітілген зейнетақы мөлшері болмайды. Қорытынды сома адамның қанша қаражат жинайтынына, қанша уақыт инвестициялайтынына және қандай табыстылыққа қол жеткізетініне байланысты.
IRA шоттары бойынша жарнаның бекітілген мөлшерлемесі жоқ. Әр адам белгіленген лимиттер шегінде жинақ көлемін өзі анықтайды. Жиналған капиталды кезең-кезеңімен алуына болады, аннуитетке ауыстыруға немесе, мысалы, жылына 4% алу қағидасына сүйене отырып пайдалануына мүмкіндік бар.
Арифметика іс жүзінде
Жоғарыда сипатталған схема инвестициялық тәртіп қатаң сақталған жағдайда ғана тиімді жұмыс істейді. Бұл болашақ зейнеткер жалақысының бір бөлігін зейнетақы шотына тұрақты түрде аударып, сол қаражатқа бағалы қағаздар сатып алады дегенді білдіреді. Одан кейін уақыт өте келе құрама пайыздың әсері іске қосылады: дәл осы механизм тіпті шағын салымдардың өзін ұзақ мерзім ішінде қомақты капиталға айналдыруға мүмкіндік береді.
Айталық, шартты түрде бір америкалық инфляцияны ескере отырып, жылына $1 мыңды 40 жыл бойы инвестициялайды делік. АҚШ-та баға орта есеппен жылына 3% өседі. Сенімді облигациялар жылдық 4%, ал акциялар нарығы ұзақ мерзімді перспективада жылына шамамен 10% табыс әкеледі. Бұл параметрлерді күтілетін табыстылық ретінде есепке алуға болады. Осылайша, егер барлық жинақ акцияларға салынса, ал зейнетке шыққаннан кейін жиналған капитал сенімді облигацияларға инвестицияланса, онда жасалған жинақтар есебінен 25 жыл бойы тұрақты бағалармен (инфляцияға түзетумен) ай сайын $737 мөлшерінде зейнетақыны қаржыландыруға болады.
Нәтижесінде, еңбек қызметі кезеңінде жиналған $40 мың зейнетке шыққан сәтте $221 мыңға айналады. Мұндағы айырмашылық инвестициялық табыстың есебінен қалыптасады.
Ал енді бұдан шығатын қорытынды қандай?
Ресей мен Қазақстандағы инвестор үшін америкалық тәжірибеден шығарылатын басты тұжырым қарапайым: тек мемлекеттік зейнетақыға ғана сену мағынасыз, ал қартайғанда комфортты өмір деңгейіне жеке жинақтарсыз жету іс жүзінде мүмкін емес.
Жаһандық демографиялық үрдісті де ескеру маңызды: ол бір зейнеткерге шаққандағы жұмыс істейтін азаматтар санының азайып жатқанын көрсетеді. Қолда бар болжамдарға сәйкес, АҚШ-та Social Security мемлекеттік траст қоры 2032 жылға қарай таусылуы мүмкін, бұл қарт америкалықтардың ай сайынғы табысындағы осы көздің сақталуына күмән тудырады.
Зейнеттегі өмір сүру деңгейінің бағдарын анықтау үшін зейнетақыны алмастыру коэффициентін қолдануға болады. Ол зейнетақы төлемдері жалақының қанша пайызын құрайтынын көрсетеді. АҚШ-та корпоративтік және жеке зейнетақыларды ескере отырып, бұл көрсеткіш 70–85% аралығында ұсынылады. Халықаралық еңбек ұйымы ең төменгі мәнді 40% деңгейінде белгілеген. Ресейде бұл көрсеткіш 25%, ал Қазақстанда 28% – ынтымақты зейнетақы бойынша, оған қосымша 13% – жинақтаушы зейнетақы бойынша (тиісті бағдарламаға қатысушылар үшін).
Қысқасы, «алтын жас» сіз үшін жай ғана «күнелту жасы» болып қалмас үшін, лайықты зейнетақы туралы ойлануды бүгіннен бастаған жөн.
*Қазақстандағы ынтымақты зейнетақы — 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі негізінде тағайындалатын мемлекеттік төлем
Дереккөз: Investment Company Institute