Финансист №2 (42) 2026
Ұтымды инвестициялар
Freedom Broker талдаушылары инвестициялық портфельге қосуға қолайлы қаржы секторы компанияларының акцияларын таңдады
Апсайд пен котировкалар 2026 жылғы 22 сәуірдегі жағдай бойынша ұсынылған
Михаил Денисламов,
Freedom Finance Global талдау департаментінің директорының орынбасары

Ares Management (ARES) жеке кредиттеу секторындағы тәуекелдердің бағалануының жоғарылау жағдайында дамып келеді, алайда бұл тәуекелдер компания үшін жүйелік сипатқа ие емес. Оның әртараптандырылған платформасы капитал тартуды табысты жалғастырып отыр. 2025 жылдың соңында басқарудағы активтер көлемі шамамен $623 млрд-қа жетті, ал қолжетімді капитал $150 млрд-тан асты. Бұл жаңа мәмілелер жасауға және комиссиондық базаны кеңейтуге мүмкіндік береді. Менеджмент ағымдағы жылы фандрайзинг сегменті арқылы 2025 жылғы рекордтың жаңартылуын күтуде. Жеке кредиттеу нарығына қатысты көзқарас қалыпқа келген жағдайда, Ares мультипликаторлар бойынша бағалардың өсуі есебінен қосымша өсу әлеуетіне ие болуы мүмкін.

Brookfield Asset Management (BAM) инфрақұрылымға, энергетикаға, материалдық активтерге және жария емес бизнеске бағытталған. Капиталдың едәуір бөлігі ұзақ мерзімге немесе мерзімсіз тартылған, сондықтан компанияның ақша ағындары болжамды болып табылады. Комиссиялық табыс әкелетін қаражат көлемі 2025 жылы $603 млрд-қа жетті, фандрайзинг $112 млрд тартты, ал комиссиялық түсімдер 22%-ға өсті. Оң драйверлердің қатарында жаңа флагмандық қорларды атап өтуге болады. Солардың біріне Brookfield мақсатты $10 млрд көлемінде $5 млрд қаражат тарта алды. Инвестор үшін эмитенттің тартымдылығы комиссиялық табыстың тұрақты өсуімен байланысты.

Ameriprise Financial (AMP) қаржылық жоспарлауға деген сұраныстың артуынан, комиссиялық табыс әкелетін активтер көлемінің ұлғаюынан және клиенттердің жоғары тартылу деңгейінен пайда көруде. Бірінші тоқсанда операциялық EPS $11,26-ға жетті, ал басқарудағы жиынтық активтер шамамен $1,7 трлн-ды құрады. Негізгі бизнестің маржасы 30% деңгейінде сақталып отыр. Қосымша өсу драйвері ретінде Huntington National Bank-пен әріптестік аталады, оның нәтижесінде платформаға шамамен 260 қаржылық кеңесші және $28 млрд-қа жуық клиент активтері тартылуы тиіс. AMP акциялары болжамдылығы, жоғары рентабельділігі және қорғаныс сипатының арқасында тартымды болып көрінеді.

NASDAQ (NDAQ) қаржылық технологияларға, big data және тәуекелдерді басқаруға арналған бағдарламалық шешімдерге басымдық беруінің арқасында табысының тұрақтылығын қамтамасыз етті. Бірінші тоқсанда таза кіріс 14%-ға өсті, тұрақты түсімдер (ARR) $3,2 млрд-қа жетті, ал финтех сегментінің түсімі 20%-ға артты. Оң драйверлер ретінде IPO нарығының қалпына келуі және пассивті әрі тақырыптық өнімдерге сұраныстан ұтып отырған индекс бизнесінің дамуы аталады. NDAQ акциялары жазылымдық қызметтерден түсетін табыстың тұрақты өсуі, жоғары еркін ақша ағыны және нарықтағы құбылмалылықтан белгілі бір деңгейде пайда көру мүмкіндігі арқасында тартымды болып көрінеді.
Ерлан Әбдікәрімов,
Freedom Broker қаржылық талдау департаментінің директоры

BlackRock (BLK) бірінші тоқсанда түсімнің жылдық салыстыруда әсерлі 27%-ға өсіп, $6,69 млрд-қа жеткенін хабарлады, ал түзетілген EPS $12,53 болды. Таза капитал түсімі $130 млрд-ты құрады, ал базалық комиссиялардың органикалық өсімі 8% деңгейінде қалыптасты. Операциялық маржа 44%-ға дейін өсті. Өсімнің негізгі драйверлері iShares ETF, private markets және Aladdin сегменттері, сондай-ақ жазылымдық сервистер болды. Тоқсан ішінде buyback бағдарламасына $450 млн бағытталды, ал дивиденд 10%-ға көтерілді. Компания басқаруындағы активтер көлемі (AUM) $13,89 трлн-ды құрайды. Комиссияларға қысым, нарық құбылмалылығының әсері және жеке кредит нарығына экспозицияға қарамастан, эмитенттің ағымдағы бағалануы ұзақ мерзімді инвестициялар үшін тартымды болып көрінеді.

Blackstone (BX) тұрақты іргелі көрсеткіштерді көрсетіп отыр, ал жыл басынан бері котировкалардың 15%-ға төмендеуі баламалы инвестициялар тәуекелдерінің нарық тарапынан қайта бағалануымен байланысты. Комиссиялық табыстардың өсуі жеке кредиттеу, сақтандыру шешімдері, мультистратегиялар және жылжымайтын мүлік бағыттары есебінен жалғасады. Жеке кредиттеу бойынша алаңдаушылықтар асыра бағаланған, өйткені институционалдық инвесторлар ұзақ мерзімді міндеттемелерін сақтап отыр және жүйелік дағдарыс белгілері байқалмайды. Қосымша өсу драйвері ретінде АҚШ-тағы 401(k) зейнетақы жоспарларына баламалы инвестицияларға қолжетімділіктің кеңеюі аталады, бұл қорға жаңа қаражат ағынын қамтамасыз етеді.

Brookfield Corporation (BN) 2030 жылға дейін пайданы жыл сайын орта есеппен 20%-дан астам өсіруді болжайды. Өсімнің негізгі драйверлері активтерді басқару бойынша комиссиялық бизнес және шамамен $143 млрд активі бар Wealth Solutions сақтандыру платформасы болады. Компанияның бағалауынша, бұл бағыттағы пайда жыл сайын 34%-ға өседі. Қосымша қолдау факторлары қатарында жаһандық жылжымайтын мүлік нарығының қалпына келуі, жасанды интеллект инфрақұрылымына инвестициялар (нарық көлемі он жыл ішінде $7 трлн-ға бағаланады), сондай-ақ жаңа мәмілелер үшін қолжетімді $160 млрд капиталдың болуы аталады. BN акциялары компанияның ішкі бағалауымен салыстырғанда айтарлықтай төмен деңгейде саудалануда. Өсу әлеуеті капитал көлемінің және дивидендтердің артуы есебінен іске асырылуы мүмкін.

KKR & Co. (KKR) табыс көздерін табысты түрде әртараптандырып келеді. Global Atlantic-пен интеграция ішкі «капитал айналымын» күшейтті, бұл ретте сақтандыру активтері инвестициялар үшін қаражат қорын қалыптастырады. Басқарудағы активтер көлемі артып, комиссиялық түсімдердің өсуін қамтамасыз етуде. 2025 жылы KKR рекордтық $129 млрд жаңа капитал тартты, ал портфельдегі іске асырылмаған жасырын пайданың жиынтық көлемі $19 млрд-қа жетті. Жеке инвесторлармен жұмыс арналары белсенді түрде дамып жатыр. Ағымдағы жылға арналған EPS бойынша гайденс $7 деңгейінде. Компания дивидендтерді тұрақты түрде арттырып келеді, ал оның ағымдағы бағалануы операциялық көрсеткіштердің динамикасы аясында негізделген болып көрінеді.

