Финансист №2 (42) 2026
Жаңа ракурс
Қазіргі инвесторлар қалай және неге инвестиция салатыны туралы нарықтың кәсіби қатысушыларының пікірі
Ефим Колодкин,
AIYA Bureau премиум интерьерлік архитектура бюросының басқарушы серіктесі және сериялық кәсіпкер
Мен Ұлыбритания, Грузия және БАӘ елдерінде ауқатты клиенттермен (high-net-worth) жұмыс істеймін. Соңғы жылдары жылжымайтын мүлік әмбебап байлық құралы болудан қалды. Зумерлер үшін тұрғын үй сатып алу қымбатқа түседі, ал олар үшін ұтқырлық көбіне белгілі бір мекенжайға байланып қалудан маңыздырақ. Сондықтан «өмір бойына» бір нысанды таңдаудың орнына әртүрлі тәуекел деңгейіндегі портфельге басымдық беріледі. Мысалы, Shared Ownership форматы: жылжымайтын мүліктің аз бөлігін сатып алып, қалған бөлігін жалға алу және уақыт өте келе иеліктегі үлесті біртіндеп арттыру мүмкіндігі.
Сонымен қатар «нарықтық» форматтар да дамып келеді: бірлесіп сатып алу, флиппингке синдикаттық инвестициялар, яғни бірнеше инвестор undervalued активке кіріп, оны қайта жөндеу арқылы құнын арттырып, кейін қайта сату арқылы табыс табады. Курорттық жылжымайтын мүлікті шерингі арқылы сатып алу да кең таралған: иелері өз «апталарын» алдын ала брондайды, ал қалған уақытта нысанды басқарушы компания әкімшілендіріп, жалға береді. Кейбір нарықтарда, мысалы Дубайда, криптовалюта арқылы төлем жасалатын мәмілелер де кездеседі – заңды конвертация және лицензияланған провайдерлер арқылы. Егер сіз нысанды таңдаған болсаңыз, бірнеше негізгі параметрді тексеріңіз: микролокацияны (қоршаған орта, терезеден көрініс, шу деңгейі және қауіпсіздік), сатып алу мақсатын (жеке пайдалану немесе жалға беру), жоспарлануын (эргономика өтімділікке тікелей әсер етеді) және әрлеу сапасын. Тыныш түстер палитрасы, ұзаққа шыдайтын табиғи материалдар, дұрыс жарықтандыру және ыңғайлы жоспарлау әдетте трендтерден тәуелсіз болып, құнын жақсы сақтайды.
Джей Вудс,
Freedom Capital Markets бас стратегі
Миллениалдар мен зумерлер буынының инвесторларының алдыңғы буыннан негізгі айырмашылығы – технологияларға қолжетімділік. Мен бастаған кезде бүгінгідей телефон арқылы сауда жасау мүмкіндігі болған жоқ. Ақпарат көлемі де мұншалықты қолжетімді емес еді. Жас буын анағұрлым хабардар, нарықты жақсырақ сезінеді. Әртүрлі дағдарыстар инвесторлардың мінез-құлқына әрқалай әсер етті. Дотком көпіршігі қысқа мерзімді ықпал етті: адамдар шығынға ұшырап, біраз уақытқа нарықтан кетіп қалды. 2008 жылғы қаржы дағдарысы инвесторлар қауымдастығына тереңірек әсер етті. Сол кезеңді басынан өткергендер, әсіресе 37–45 жас аралығындағылар, ұзаққа созылатын «аюлы» нарықтың не екенін және нақты тәуекелдерді жақсы түсінеді. Мұндай нарық қатысушылары әдетте сақ болады. Ең айқын және ұзақ мерзімді әсер COVID-19 пандемиясынан байқалды. Адамдар үйде отырып, қаржы алып, нарыққа келді. Қызып кету жағдайлары болды (GameStop және AMC оқиғалары), бірақ ең маңыздысы – инвесторлар нарықта қалды. Бүгінде олардың көпшілігі алыпсатарлықтан ұзақ мерзімді стратегияларға көшуде.
Дағдарыстар ұзақ мерзімді перспективада нарықтың өсетінін үйретеді. Қателіктер міндетті түрде болады, бірақ дәл солар ең құнды тәжірибе береді. Егер мен бүгін инвестор ретінде мансабымды бастасам, үш негізгі қағидатты таңдар едім. Біріншіден, әртараптандыру: мысалы, күшті компаниялар қалып, әлсіздері кетіп отыратын S&P 500 сияқты индекске басымдық беру.
Екіншіден, икемділік маңызды: түсінетін нәрсеге инвестициялау қажет, бірақ трендтер өзгерсе, шешімдерді де қайта қарауға дайын болу керек. Үшіншіден, басты назар – ұзақ мерзімділікке: тұрақты түрде инвестиция жасап, күрделі пайыз әсерін пайдалану. Ең жақсы кеңес – табыстың бір бөлігін үнемі бөліп, сол қаражатқа қор нарығының активтерін тұрақты түрде сатып алу.

Сергей Кудрявцев,
Witte VC бас директоры, инвестор
Біз Witte-де BlackRock ұстанымын бөлісеміз: 2026 жыл «казиноға ұқсамай, инвесторлар нарығына көбірек ұқсайтын» кезеңге айналуда. Тұрақты нәтижені қысқа мерзімді трендтерге ермей, жоғары ықтимал сценарийлерге ставка жасап, болжамды ақша ағыны мен тарихи табыстылығы бар активтерді таңдағандар көрсетіп келеді.
Тәуекелге жоғары бейімділігі бар инвесторлар үшін жекеменшік компанияларға тікелей инвестициялар (private equity), жеке және венчурлік қарыз құралдары, сондай-ақ қайталама нарықтағы (secondary market) мәмілелер әлі де әлеуетін сақтап отыр. Бұл жерде активтерді 10–70% дисконтпен табуға болады.
Жасанды интеллект айналасындағы хайп көп жағдайда бағаға әлдеқашан енгізілген, алайда негізгі мүмкіндіктер инфрақұрылымда сақталып отыр. АҚШ-тың бес ірі гиперскейлері тек 2026 жылдың өзінде деректер орталықтарына шамамен $720 млрд инвестиция салуды жоспарлап отыр, ал алдағы үш-бес жылда мұндай жобаларға сұраныс, соның ішінде ТМД елдері мен Азияда, арта түспек.
Неғұрлым консервативті инвесторлар үшін алтын мен өнеркәсіптік металдар өзекті болып қала береді. 2026 жылы алтын соңғы 30 жылда алғаш рет орталық банктер резервтеріндегі үлесі бойынша АҚШ қазынашылық облигацияларынан асып түсті. Күміс пен мыс тарихи максимумдарға жақын саудалануда, алайда мыс сияқты (+44% бір жылда) қарқынды өсімнің қайталануы екіталай.
Шағын және орта капитализациялы бағалы қағаздар да төмен бағаланған сегмент ретінде тартымды. Morningstar бағалауынша, олар әділ құнынан шамамен 23%-ға дейінгі дисконтпен саудалануда. 2026 жылдың басынан бері small-cap сегменті S&P 500 индексінен озып келеді (6% қарсы 1%), бұл төмен бағалау мен сапалы фундаменталдың сирек үйлесімін ұсынады.

Мұрат Әбдірахманов,
MA7 Ventures венчурлық қорының негізін қалаушысы
Бүгінгі бизнес-періштелер – бұл ең алдымен өз бизнесінен табиғи түрде инвесторлар қатарына өткен кәсіпкерлер. Венчурлік инвестицияларға тәжірибелі топ-менеджерлер мен стартаперлер де жиі келеді. Мұндай қаржыландыру раундтарына қатысушылардың орташа жасы – 35–45 жас. Елу жастан асқан адамдар көбіне мұндай жобаларға тәуекел ете бермейді. Сонымен қатар, соңғы жылдары венчурлік инвестициялар бірнеше есе танымал бола түсті. Дегенмен, біз оларды жалпы активтердің 10%-ынан асырмауды ұсынамыз.
Жасанды интеллекттің пайда болуы венчурлық инвестициялардың барлық саласына әсер еткен нағыз тектоникалық өзгеріс болды: олардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда кемінде үш есе артты. Қаржыландырудың шамамен 75%-ы дәл осы ЖИ-ге бағытталуда. Осы фактордың әсерінен біздің қор да стратегиясын өзгертті: бұрын біз бастапқы кезеңдегі (seed, өнімнің алғашқы нұсқасын әзірлеу, нарықты зерттеу – ред. еск.) жобаларға кіретін болсақ, енді одан да ертерек кезеңде қосыламыз, өйткені стартаптар өте жылдам дамуда.
Қазіргі уақытта біз тек ЖИ жобаларына инвестициялаймыз. Жалпы экономика үшін орасан зор өзгерістер жақындап келеді. Жасанды интеллекттің өмірімізге енуі күтілгеннен әлдеқайда жылдам жүріп жатыр. Біз жаһандық әлеуеті бар модельдерді іздеуге тырысамыз және фаундер профиліне үлкен мән береміз – тек оның технологиялық біліміне ғана емес, сонымен қатар салалық құзыретіне және кәсіпкерлік тәжірибесіне де назар аударамыз.

Андрей Горобченко,
CEO Aiya Bureau, инвестор
Мен бір жылдан астам уақыт бұрын өнер туындыларын белсенді түрде сатып ала бастадым және қазірдің өзінде 35 мың еуро инвестиция салдым. Ұзақ уақыттан бері коллекция жинайтын адамдарда өнерді сезіну, түсіну, жауап табу және одан ләззат алу деген шынайы тілек бар екенін байқадым. Тіпті «инвестициялық мақсатта сатып алу» деген нақты ниетпен келсең де, әдетте былай дейді: лайықты жұмыстарды қарап көрейік, бірақ сатып алғанда тек өзіңе әсер ететін, ұнайтын дүниені алу керек, сандарға қарамастан. Бұл жерде ақша көбіне жағымды қосымша ғана. Әрине, идеалда өнерге салынған инвестиция 2–3 жыл ішінде де, 7 жылдан астам уақыт ішінде де өзін ақтағанын қалайсың. Ұзақ мерзімде баға әділ нарықтық деңгейге жақындайды, ал қысқа мерзімде хайп, маркетинг және ақпараттық шу салдарынан күрт өсулер болуы мүмкін. Өнерде, жалпы кез келген инвестициядағыдай, сәнге ермеу керек.
Егер қазіргі заманғы өнер туралы айтатын болсақ, бұл сегментте коллекционерлер жасарып келеді. 25–40 жас аралығындағы, жұмыстарды сатып алуға, коллекция құруға, өз болмысын қалыптастыруға және статусын көрсетуге мүмкіндігі бар адамдар көбейіп жатыр. Сонымен қатар арт-нарыққа экономикалық үрдістер айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, соңғы үш жылда Sotheby’s аукционында жас суретшілердің сатылымы 2,5 есеге төмендеді.
Мен үшін «жүрекпен сатып алу» – бұл сатып алғаннан кейін күмәннің болмауы. Ләззат алу, қызығушылық және процеске уақыт бөлуге дайындық – өнерге инвестиция салатын жақсы инвестор болуға көмектесетін қасиеттер.

Александр Абрамов,
РАНХиГС профессоры, капитал нарықтары бойынша сарапшы
Зумерлер өмірге күрделі кезеңде қадам басты: әлеуметтік лифттер жұмысын тоқтатты, ал нарық әлдеқайда құбылмалы болды. Соның салдарынан жастар ұзақ мерзімді жинақтарға онша мән бермей, ақшаны дәл қазір жұмсауды жөн көреді. Қабылдайтын шешімдеріне әлеуметтік желілер айтарлықтай ықпал етеді. Алайда уақыт өте келе көптеген инновациялар бұрынғы тартымдылығын жоғалтып, олардың бәрі бірдей өзін ақтамайды. Ресейде инфлюенсерлер идеясының күйреуі байқалады, өйткені олардың кейбірі қарапайым манипулятор болып шығады. АҚШ-та бұл құбылыс сәл ертерек – мем-акциялар нарығында орын алған.
Жеке инвесторлардың қаражаты негізінен жартылай пассивті өзара қорларда, биржалық қорларда және зейнетақы қорларында орналасқан. Мұнда әлі де кең әртараптандыру, активтерді сақтықпен бөлу, маркет-таймингтің* азғыруларынан аулақ болу басым. АҚШ-та қаржы нарығының дамуының кез келген сценарийіне дерлік сәйкес келетін арзан әрі қолжетімді өзара және биржалық қор стратегияларының таңғаларлық әртүрлілігі бар. Соның арқасында жеке инвесторлар 2020 және 2022 жылдардағы күйзелістерді салыстырмалы түрде оңай еңсере алды.
*Белгілі бір қаржы активін сатып алу немесе сату уақытын таңдауға негізделген сауда стратегиясы
Қауіпті үрдіс – қаржы нарықтарының K-экономика орбитасына түсуі (секторлардың қарама-қарсы бағытта қозғалуымен сипатталады – ред. ескертпесі). Ауқатты азаматтардың мүдделеріне қызмет көрсету теңсіздікті күшейтеді, бұл зумерлер үшін үлкен тәуекелдер тудырады. Нәтижесінде аз ғана адам ұтады, ал қалғандары ақша жоғалтып, ұтылған алаңдарға деген сенімін жоғалтады. Қаржы нарықтарын демократияландыру және қаржылық бизнестің мұндай модельдерін дамыту қажет, олар Gen Z өкілдерінің көпшілігіне ұзақ мерзімді инвестор болуға мүмкіндік береді.

