Инвестициялық шолу №351. S&P 500 жаңа максимумдарда
Шағын капиталдандырылған компаниялардың шолуы

Intrepid Potash (IPI) — АҚШ нарығына бағытталған химиялық тыңайтқыштар өндірушісі. Компанияның инвестициялық тартымдылығын елдегі өнімге деген жоғары сұраныс пен қалыпты өзіндік құн жағдайында оның ұсынысының шектеулі болуы, сондай-ақ өндіріс көлемі мен сату бағасының өсуі қамтамасыз етеді. Бейпрофильді активті сатқаннан кейін компанияның иелігінде ең төменгі борыштық жүктеме кезінде қомақты ақшалай қаражат көлемі бар. Бұл ірі қарыздарды тартпай-ақ өндірісті кеңейтуге мүмкіндік береді. Intrepid Potash бизнесінің дамуына АҚШ-тың азық-түлік және шикізат қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған курсы ықпал етеді. Негізгі тәуекелдер калий тыңайтқыштары бағасының циклділігімен және сыртқы сауда саясатымен, сондай-ақ әлемдік ұсыныстың ықтимал қалпына келуімен және инвестициялық жобалардың іске асырылуымен байланысты. Freedom Broker-дің 12 айлық көкжиектегі IPI акциясы бойынша мақсатты бағасы — $45.

Piedmont Realty Trust (PDM) — А класындағы кеңсе ғимараттарына мамандандырылған REIT. Эмитенттің инвестициялық тартымдылығы нысандардың ірі портфелімен, жалдау мөлшерлемелерінің өсуімен және шектеулі ұсыныспен, сондай-ақ жасалған жалдау шарттарының үлкен көлемімен және сапалы кеңсе жылжымайтын мүлігіне жоғары сұраныс байқалатын Атланта, Даллас және Орландо қалаларындағы серпінді дамып келе жатқан бизнеспен негізделген. 2028 жылға дейін борышты ірі өтеулердің болмауы қысқа мерзімді қаржылық тәуекелдерді барынша азайтады. Соңғы айлардағы котировкалардың айтарлықтай өсуі бұдан былайғы қайта бағалау әлеуетін шектейді. Бизнеске төнетін тәуекелдер экономика өсімінің баяулауымен және сұраныстың әлсіреуімен, қайта жаңартылатын нысандардың толуының кешігуімен және жалға алушыларды тартуға жұмсалатын шығындардың артуымен байланысты. Freedom Broker-дің 12 айлық көкжиектегі PDM акциясы бойынша мақсатты бағасы— $11.

TAT Technologies (TATT) — аэроғарыш саласына арналған шешімдерді жеткізуші. Компанияның инвестициялық тартымдылығы орнықты сұраныспен, жеткізу тізбегінің қалпына келуімен және рекордтық тапсырыстар портфелімен байланысты. Көмекші күштік қондырғыларға қызмет көрсету сегменті, Honeywell компаниясымен ынтымақтастықты кеңейту, бизнесті әртараптандыру және бұған дейін құрылған инфрақұрылымнан болатын ықтимал операциялық леверидж бизнес өсімінің драйверлері. Екінші тоқсанда TAT жұмыстарды орындаудың біржолғы әсерін тіркеді, ал жаңа портфельдің негізгі бөлігі бірнеше жыл ішінде түсімге конвертацияланады. Тәуекелдер жекелеген компоненттерді жеткізудегі сақталып отырған шектеулермен, айналым капиталына деген қажеттіліктің артуымен, қосалқы бөлшектердің жоғары құнымен және валюта бағамының ауытқуымен байланысты. Freedom Broker-дің 12 айлық көкжиектегі TATT акциясы бойынша мақсатты бағасы— $54.

Sarepta Therapeutics (SRPT) сирек кездесетін жүйке-бұлшықет ауруларын емдеу әдістерін әзірлейді. Оның инвестициялық тартымдылығы түсім мен ақша ағынының негізгі көзі болып қала беретін коммерцияланған препараттар портфелінің орнықтылығымен, сондай-ақ ELEVIDYS гендік терапиясына сұраныстың қалпына келу әлеуетімен негізделген. Препараттардың базалық портфелі таяу бірнеше жылда бизнестің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етеді, ал болашақта компанияның позициялары siRNA технологиясы негізінде жаңа өнімдерді әзірлеу және нарыққа шығару есебінен нығая түседі. Негізгі тәуекелдер ELEVIDYS-ке деген сұранысты болжаудың шектеулі болуымен, гендік терапияның қауіпсіздік мәселелерімен, сектордағы бәсекелестіктің күшеюімен және реттеушілер тарапынан мақұлданған өнімдердің сатылымына жасалатын қысыммен байланысты. Freedom Broker-дің 12 айлық көкжиектегі SRPT акциясы бойынша мақсатты бағасы — $25.