Финансист №4 (40) 2025

Сакен Исмаилов
Freedom Finance Global талдаушысы
Цифрлық экономика жүйкесі
Қазіргі заманда деректерді жоғары жылдамдықпен жеткізуді қалай және кім қамтамасыз етеді
Әр жолы, мысалы, Нью-Йорктегі трейдер акция сатып алу туралы бұйрық бергенде немесе Абу-Дабидегі банкомат қолма-қол ақша бергенде, операция туралы дабыл жүйке импульсі сияқты жүздеген, кейде мыңдаған шақырымдық кабельдер арқылы өтеді. Бұл кабельдердің қалыңдығы жіптен бастап бақша шлангіне дейін өзгереді. Магистральдардың негізгі бөлігі дүниежүзілік мұхит түбіне төселген.
Бәрі қалай басталды
Ескі және Жаңа әлем арасында ақпаратты мүмкіндігінше тез жеткізу жолы электрлік телеграф ойлап табылған сәттен бастап ізделді. Алғашқы трансатлантикалық байланыс кабелі 1858 жылы төселді, бірақ инженерлік мәселелерге байланысты ұзаққа созылмады. Кей деректер бойынша, оның құрылысы шамамен $1,5 млн-ға түсті, бұл сол кездегі АҚШ-тың жылдық бюджетінің 2,5%-ын құрады. Алайда бұл электрлік телеграф Морзе әліпбиі арқылы сағатына бар болғаны алты сөз жеткізе алатын. Бірнеше сәтсіздіктен кейін Атлант мұхиты түбімен байланыс орнатылды. «Еуропа мен Америка телеграф байланысымен бірікті. Құдайға шүкіршілік, Жер бетінде бейбітшілік, адамдарға игілік!» – Лондонда жобаны басқарған Atlantic Telegraph Company директорлар кеңесінің АҚШ-тағы серіктестеріне жолдаған алғашқы хабарламасы осындай болды.
130 жылдан кейін сол жерде өткізу қабілеті 280 Мбит/с талшықты-оптикалық кабель пайда болды, бұл 1858 жылғы үлгідегі алдыңғы қатарлы коммуникациялардан шамамен 3 млрд есе жылдам. Алайда, бүгінгі стандарттар бойынша бұл өте баяу.

Жер асты кабельдерін тексреуге арналған кеме. Фото: ашық дереккөздер
2015 жылдан бастап Лондон мен Нью-Йоркті жаңа буынның оптикалық талшықты байланысы 400 Гбайт/с жылдамдықпен байланыстырады. 2025 жылы бұдан да маңызды мүмкіндіктері бар Ұлыбритания мен АҚШ арасындағы жетілдірілген магистраль құрылысының басталғаны туралы жарияланды.
Қазіргі заманғы кабель арқылы секундына 160-220 Тбит деректер өтеді. Әлемде жалпы ұзындығы шамамен 1,5 млн шақырым болатын шамамен 600 су асты желісі бар. Жыл сайын оншақты жаңа желі пайда болады. Infra-Analytics компаниясының болжамы бойынша 2030 жылға қарай 800 мың шақырым, ал 2040 жылға дейін 1,6 млн. шақырым интернет-кабель салынатын болады. Бұл магистральдардың құрылыс көлемiнiң ұлғаюы олардың өткiзу қабiлетiне қойылатын талаптардың өсуiне негiзделген. Ақпаратты орасан көлемде және барынша жылдам беру қажет. АИ-модельдерді дамыту бұл міндетті бұдан да өзекті етеді. Мысалы, Midjourney-ге бір сұрау (мәтіндік сипаттама бойынша суреттер жасайтын нейрожелі) кәдімгі іздеу сұранымына қарағанда 40 есе көп трафик шығарады, ал ірі тілдік модельдерді оқыту құрлықтар арасында дереу петабайтпен* деректер алмаспай мүмкін емес.
*Петабайт – шамамен 1 млн гигабайт (ГБ). Бұл көлем жоғары ажыратымдылықтағы 170–180 млн минуттық бейнені немесе стандартты баспа мәтінінің 500 млрд бетін сақтауға жеткілікті. Ол – цифрлық экономиканың жүйке талшығы
Теңіздің күші
Канадалық Precedence Research зерттеу компаниясының мәліметінше, су асты кабельдерінің жаһандық нарығы шамамен $22,95 млрд-қа бағаланады. 2034 жылға қарай бұл көрсеткіш $55 миллиардқа дейін ұлғаяды деп болжануда.
Бүгінде, Economy Insights есептеулері бойынша, су асты кабельдеріне әлемдік интернет-трафиктің 95% -дан 99% -ға дейін келеді. Қалған көлем жер үстi желiлерi бойынша және спутниктер арқылы берiледi, бiрақ соңғыларының үлесi мейлiнше аз: олар негiзiнен алыс немесе жету қиын өңiрлерде пайдаланылады.

Дереккөз: submarinecablemap.com
Кабельдердің басты артықшылығы – ақпаратты жоғары жылдамдықпен жеткізу. Қазіргі оптикалық талшық шамамен секундына 200 мың шақырым жылдамдықпен жұмыс істейді. Дегенмен, мұндай көрсеткіштер де қазіргі талаптарға толық сәйкес келмейді. Әр қосымша метр кабель деректерді жеткізуде 5 наносекунд кідіріс береді, яғни ұзындығы 200 шақырым желі бір миллисекундты «жеп қояды». Бұл тұрмыстық немесе өндірістік тұтынушы үшін елеусіз болып көрінетін кідіріс, мысалы, аса жоғары жылдамдықты трейдинг үшін өте маңызды.
Ол пайда болғанға дейін маршрутты таңдау кезінде кабель қай жерде төселетіні және қандай трафик тұтынушылары арқылы өтетіні негізінен экономикалық тиімділікке байланысты есептелетін. Бірақ жоғары жылдамдықты арбитраж** бұл есептерге түзетулер енгізді. Бүгінде жағдай мынадай: провайдерлерде ақпараттың бар болғаны бір миллисекунд ертерек жетуі үшін жүздеген миллион доллар төлеуге дайын жеке клиенттер бар. Бұл технологиялардың дамуына серпін берді: hollow-core fiber (HCF) – инертті газбен, ауамен немесе вакууммен толтырылған өзегі бар оптикалық талшық пайда болды, ол деректерді жеткізуді айтарлықтай жеделдетуге мүмкіндік береді. Зертханалық жағдайда ғалымдар бұл көрсеткішті 1,5 есеге арттыруға қол жеткізді, яғни дерлік вакуумдағы жарық жылдамдығына жетті.
**Әр түрлі биржалардағы бір активтің бағасындағы айырмашылықтан табыс табудан тұратын трейдинг стратегиясы
Суасты кабельдерінің кемшілігі – оларды төсеу құнының жоғары болуы. TelegeGeography сарапшыларының бағалауы бойынша, мұхит түбіндегі ұзындығы 1 мың шақырым желі шамамен $40–60 млн тұрады. Мұндай магистральдарды қызмет көрсету де қиындық тудырады. Жылына шамамен 200 апат орын алады, олардың көпшілігі адам факторымен байланысты және кеме қатынасы мен балық аулау аймақтарында болады. Бұл көрсеткіш соңғы он жылда желінің жалпы ұзындығы айтарлықтай артқанына қарамастан тұрақты қалып отыр.
Қазіргі кабельдердің конструкциясы зақымдалған бөліктерді бетіне көтермей-ақ жөндеуге мүмкіндік береді. Бірақ кез келген жағдайда жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы жөндеу кемесі қажет, ал олардың флоты жыл сайын ескіруде. Infra-Analytics сарапшыларының бағалауы бойынша, осындай кемелердің шамамен үштен екісін алдағы 15 жылда жаңарту қажет болады, бұл шамамен $3 млрд тұрады.
Су асты байланыс кәбілдерінің географиясы да қосымша тәуекелдер тудырады. Мысыр аумағы мен Қызыл теңіз акваториясы арқылы өтетін Еуропа-Азия дәлізі (сандық Суэц арнасы деп аталатын) арқылы бүгінде әлемдік интернет-трафиктің 17% -ға жуығы өтеді. Бұл магистральда апат болған жағдайда трафик толығымен тоқтамайды, ал нарықтар да жұмысын жалғастырады, себебі деректерді беру қайталанады. Алайда форс-мажор кезінде оның жылдамдығы төмендейді, атап айтқанда ол, біз атап өткендей, бірінші кезекте қаржы коммуникациялары үшін өте маңызды.
Суасты әлемінің әміршілері
Бүгінде суасты трансконтиненталдық интернет-кабельдер нарығының 71%-ын төрт жоғары технологиялық корпорация бақылап отыр. Жаңа кабельдердің шамамен әр бесіншісін олар салады. Он жыл ішінде бұл ірі технологиялық компаниялардың сектордағы үлесі алты еседен астам өсті.
- Meta (META) әлемдік мобильді интернет-трафиктің 22%-ын және кабельдік интернет-трафиктің 10%-ын қамтамасыз етеді. Бұл корпорацияның үлесі үнемі артып келеді. Оның жаңа ауқымды жобасы – ұзындығы шамамен 40 мың шақырым және құны 10 млрд доллар болатын W-Cable. W әрпі тәрізді бұл желі АҚШ-тың шығыс жағалауын Үндістанмен Оңтүстік Африка арқылы, ал батыс жағалауын Австралия арқылы байланыстырып, Жер шарын толық айналып өтеді. Meta бұл жобаны серіктестерді тартпай жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
- Alphabet (GOOGL) бұлтты сервистер мен деректер орталықтарына арналған байланыс инфрақұрылымын қамтамасыз ету бойынша 33 жобаға қатысуда. Компания нысандарды тек АҚШ-та ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде салып жатыр. Қазіргі уақытта Африкаға, Азияға және Австралияға жаңа желілер тарту белсенді фазада жүріп жатыр. Жоспарда ұзындығы 42,5 мың шақырымнан асатын әлемдегі ең ірі талшықты-оптикалық инфрақұрылымды құру бар.
- Amazon (AMZN) Ирландиядағы негізгі цифрлық хабынан АҚШ-қа дейінгі арнаны салумен айналысып жатыр.
- Microsoft (MSFT) өз бұлтты платформалары мен корпоративтік сервистері үшін халықаралық желілерді құруда. Компанияға шамамен 5 мың км желі тиесілі, олардың бірі Ирландия мен Ұлыбританияны байланыстырады.
Соңғы жылдары интернет-трафикті жеткізу нарығындағы бәсекелестік айтарлықтай күшейді. Суасты кабельдер саласында АҚШ-тың көшбасшылығына Қытай қарсыласуға тырысуда. Өткен онжылдықтың ортасында Huawei Technologies өз коммуникациялық магистральдарын жүргізе бастады. Қазіргі уақытта бұл компания шамамен 100-ге жуық осындай жобаға қатысып отыр, сондықтан жақын арада осы индустриядағы күштердің арақатынасы елеулі түрде өзгереді.