Финансист №4 (40) 2025

Владимир Чернов
Freedom Finance Global талдаушысы
Заман ағымымен
Смарт-сағаттар: табыстың сыры және танымал гаджеттің жаңа көкжиектері
Соңғы он жылда смарт-сағаттар нишалық өнімнен жаппай тұтыну тауарларына айналды. Олардың танымалдығының шарықтау шегіне жетуінің бастау нүктесі 2018 жыл болды: сол жылы бұл құрылғылардың жаһандық сатылымы 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 56%-ға өсіп, 45 миллион данаға жетті. Бұл бум әлі де жалғасуда: 2024 жылы әлем бойынша көрсеткіш шамамен 25%-ға артты. Бүгінде жер шарындағы халықтың шамамен 5%-ы смарт-сағаттарды пайдаланады, ал Еуропа мен АҚШ-та әрбір төртінші ересек адамда бар.
Шағын құрал – шексіз мүмкіндік
Қазіргі заманғы смарт-сағаттар – жай ғана аксессуар емес, білекте орналасқан тұтас экожүйе. Сауалнамаларға сәйкес, бұл гаджеттердің иелерінің 80%-ы оларды денсаулық жағдайын бақылау үшін пайдаланады. Көптеген құрылғыларда қадам санағыш, жүрек соғысын бақылау, ұйқыны қадағалау функциялары бар, ал кейбір үлгілер тіпті ЭКГ түсіруге және қандағы оттегі деңгейін өлшеуге мүмкіндік береді.
Смарт-сағаттардың екінші ең танымал функциясы – түрлі коммуникациялар. Пайдаланушылардың шамамен 79%-ы бұл гаджет арқылы хабарламаларды қарайды, ал 58%-ы қоңырау шалады. Сонымен қатар, сағаттар барған сайын электронды әмиян рөлін атқарып келеді.
Ішіне орнатылған NFC-чиптердің арқасында Apple Pay, Google Pay, Garmin Pay және басқа да сервистер арқылы қолды бір қозғалтумен төлем жасауға болады. Қазіргі таңда смарт-сағат иелерінің шамамен 30%-ы оларды байланыссыз төлем үшін қолданады.
Тайм-менеджмент
Counterpoint мәліметтері бойынша смарт-сағаттар нарығындағы көшбасшысы Apple (AAPL) болып табылады, оның әлемдік жеткізілімдегі үлесі шамамен 33% құрайды. Үштікке сондай-ақ осы өнімнің жахандық сатылымының 9% және 6%-ын қамтамасыз етуші Samsung және Garmin (GRMN) кіреді.
Бұл құрылғылар 2015 жылы Apple Watch алғашқы нұсқасы шыққаннан кейін компанияның негізгі желісіндегі басты элементтерінің біріне айналды. Бүгінгі таңда олардың бірлескен сатылымы 240 миллионнан асты. 2025 жылдың маусымында Apple қан қысымы мен глюкозаны үздіксіз бақылайтын Watch Series 10 жаңа желісін ұсынды. Бұл инвесторлардың «жеміс корпорациясының» акцияларына деген қызығушылығын күрт арттырды, нәтижесінде презентациядан кейінгі үш жарым айда олардың бағасы 25%-ға өсті.
Samsung Еуропа мен Солтүстік Америкадағы үлесін және қатысуын кеңейтуді жалғастыруда. Galaxy Watch 6 сериясының құрылғылары, жаңартылған нұсқасы 2024 ылдың соңында шыққан, бұл желінің тарихындағы ең көп сатылған модельдерге айналды. Сатылым басталғаннан бері Samsung акцияларының құны 84%-ға өсті.
Премиум-сегментінде және спорттық үлгі нарығында өз орнын ұстап тұрған Garmin де тұрақты өсуде. Fenix 8 және Forerunner 965 сериялы ақылды сағаттардың үлгілері треккингтің дәлдігі мен автономдылығы үшін пайдаланушылардан жоғары баға алды. Garmin акциялары осы фактордың аясында 20%-ға дейін қымбаттады. Талдаушылар модельдік қатардың кеңеюі және эмитенттің смарт-сақиналар нарығына шығуы аясында смарт-сақиналар нарығына шығуы аясында бұл динаика сақталады деп болжайды.
Apple, Samsung және Garmin мысалы жаңартылған желі мен смарт-сағаттардың сатылымы технологиялық сектордағы компаниялардың инвестициялық тартымдылығын арттырудың маңызды драйверлері екенін дәлелдейді.
Кім жаңа ойыншы?
Сарапшылардың болжамынша, жаһандық смарт-сағаттар нарығы жыл сайын орта есеппен 10–15%-ға өсіп, 2030 жылға қарай $94–95 млрд-қа жетеді.
Бұл сектордың дамуына байланысты бәсекелестік күшейе түседі. Қытайлық және үнділік өндірушілер, мысалы Huawei, Xiaomi немесе Fire-Boltt, қазіргі көшбасшыларға барған сайын белсенді түрде қарсы шығып жатыр. Мәселен, 2025 жылдың басында Huawei күтпеген жерден смарт-сағаттар жеткізу көлемі бойынша Apple-ді басып озды. Америкалық компания кейін өз позициясын қалпына келтіргенімен, бұл факт нарықтың жоғары динамикасын айқын көрсетті. Смарт-сағат өндірушілеріне салынған инвестициялар қазірдің өзінде өзін ақтап отыр, себебі бұл гаджеттер миллиондаған адамдардың күнделікті әдетіне айналып, ірі технологиялық корпорациялардың өнімдік портфельдерінде берік орнықты. Олар алдағы уақытта да осы компаниялар үшін маңызды өсім нүктесі болып қала бермек.