Финансист №4 (40) 2025

Салтанат Ильясова
Freedom Broker аға дербес менеджері
Интернеттің жаңа көкжиегінде
Телекомда жасанды интеллекті келгелі не өзгерді
Интернеттегі ақпаратты іздеудің үйреншікті жолы – сұрауды «гуглдап», секундтың жүзден бір бөлігінде сілтемелер тізімін алу – енді өткеннің еншісінде. Қазіргі заманғы қолданушы зерттеуді, талдауды және дайын жауапты ұсынуды браузерге кіріктірілген жасанды интеллект сервистеріне тапсырады. Бұл ыңғайлылықтың өз құны бар – әрі ол өте жоғары.
Энергетикалық секіріс
«Классикалық» сұрақты өңдеу үшін Google шамамен 0,3 Вт сағат жұмсайды (бұл 60 ватт шамды 17 секундқа жағу үшін жеткілікті), ал ChatGPT 5-ке бір жауап дайындау үшін шамамен 18 Вт сағат қажет. АИ-көмекші күн сайын 2,5 млрд сұраным алады және 45 ГВт сағ электр энергиясын тұтынады. Ол – АҚШ-та 1,5 млн жеке үй пайдаланатуға қажет болатындай мөлшер.
2024 жылы Huawei адамзат пайдаланған деректердің жалпы көлемін 80 зеттабайт* деп бағалады. 2030 жылға қарай бұл көлемнің 12,5 есе өсуі болжануда
*Миллиондаған гигабайттар
Энергия тұтыну – ол мәселенің бір жағы ғана. Ірі тілдік модельдерді үйрету үшін жүздеген сервер арасында петабайттар көлеміндегі деректерді бір мезетте тасымалдау қажет. Аналитикалық агенттік Omdia деректеріне сәйкес, алдағы бес жылда жасанды интеллектке арналған деректер орталықтары арасындағы трафик жыл сайын екі еседен астам өсетін болады.
Бұл сала үшін ақпаратты жеткізу жылдамдығы аса маңызды. «Физикалық жасанды интеллекттің» дамуы – автономды көлік жүйелері, роботтандырылған фабрикалар және басқа да технологиялар – сенімділік пен жедел жауап беруді бірінші орынға шығарады. Деректерді орталық бұлтқа жіберіп, қайта алу 50–100 миллисекундты алады, бұл көптеген нақты уақыттағы сценарийлерді мүмкін емес етеді. Мысалы, сағатына 100 км жылдамдықпен қозғалып келе жатқан автономды көлік үшін осы 100 миллисекунд шешім қабылданғанша көлік 2,8 метр жүріп өтеді деген сөз. Яғни, кенеттен пайда болған кедергі туралы автопилот тым кеш білуі мүмкін, бұл ең ауыр салдарға әкелетін апат қаупін тудырады.
Электр энергиясына жұмсалатын шығын, жауап беру уақыты және трафик көлемі – жасанды интеллектті одан әрі дамытудағы басты түйткілдер. Осы сын-қатерлердің барлығына жауап беретін технология – Edge Computing.
Желі көкжиегінде
Елестетіп көріңізші: сізге екі үлкен санды көбейту керек болғанда, калькуляторды пайдаланбай, таныс математиктен есепті шығарып беруін сұрайсыз. Дәстүрлі бұлтты есептеулер дәл осылай жұмыс істейді. Edge Computing бұл үлгіні өзгертеді – деректерді өңдеуді олардың пайда болатын жеріне, яғни интернеттің «өз ауданына» орналастырады. Бөлінген есептеулер тұжырымдамасы деректерді өңдеу мен сақтауды орталықтандырылған бұлтты қоймаларға ғана сеніп тапсырмай, оларды генерациялайтын көздерге жақындатады. Ақпаратты өңдеу жергілікті деректер орталықтарында, желі түйіндерінде және құрылғылардың өзінде жүзеге асады, бұл деректерге әлдеқайда жылдам қол жеткізуді, сауалдарға лезде жауап беруді және жоғары деңгейдегі құпиялылықты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, бұл ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Мұндай өсу қарқыны инфрақұрылымдық салаларда сирек кездеседі және әдетте ерте кезеңдегі инвесторлар үшін жоғары табыстылықпен қатар жүреді. Барлығы ChatGPT туралы қызу талқылап жатқанда, нақты табыс жасанды интеллектке арналған коммуникацияларды жүргізіп жатқан компанияларға түсіп жатыр – чип өндірушілеріне, желілік жабдық компоненттерін, оптикалық талшықты шығаратындарға, сондай-ақ деректер орталықтарының операторлары мен телекоммуникациялық компанияларға.

Дереккөз: precedenceresearch.com
Сымдар бойымен қозғалыс
Ірі бұлтты және орталықтандырылған корпоративтік деректер орталықтарына қатысы жоқтың бәрі – желінің «шеті». Енді деректерді жасау мен өңдеу тізбегін аралап, әр деңгейде кім негізгі бенефициар болып отырғанын білейік.
1 деңгей. Материалдық базасы
Ақпаратпен жұмыс істеу жүйесінің алғашқы қабаты – соңғы құрылғылар. Бұған тек смартфондар мен дербес компьютерлер ғана емес, автопилоттау жүйелері және интернет заттарына (IoT) қосылған әртүрлі жабдықтар да кіреді. Компаниялар бұл техниканың жұмысын сыртқы серверлерге тәуелділіктен арылтып, барынша дербес етуге ұмтылуда. Бұл жоғары өнімді чиптер мен сенсорларға сұранысты арттырады. Бұл сегменттің сөзсіз көшбасшысы – NVIDIA (NVDA), ол дербес компьютерлер мен жұмыс станцияларына, автономды көліктер мен робототехникаға арналған озық микроэлектроника шығарады. Qualcomm (QCOM) негізінен смартфондарға арналған чиптерді жасайды, бірақ Edge Computing сегментінде, әсіресе IoT және автомобиль саласында, өз қатысуын жылдар бойы күшейтіп келеді. Компанияға тікелей бәсекелестік көрсететін – AMD (AMD), ол да дербес компьютерлерге арналған «ішкі құрылысын» жасайды. Edge Computing трендінің ірі бенефициарлары қатарында – Intel (INTC), Texas Instruments (TXN), Analog Devices (ADI) және Micron Technology (MU). Олардың шешімдері деректерді генерациялау нүктесіне барынша жақын жерде есептеулердің басым бөлігін орындауға және ақпаратты сақтауға мүмкіндік береді.
2 деңгей. Шекара қызметі
Шекаралық шлюздер (Edge Gateways) құрылғылар мен шекаралық серверлер арасындағы интеллектуалды көпір рөлін атқарады, деректерді көптеген көздерден біріктіреді және оларды алдын ала өңдеуді орындайды. Бұл бізге үйреншікті үй вай-фай-роутерлері емес, деректермен жұмыс істеу бойынша кең функционалды күрделі корпоративтік және өнеркәсіптік жүйелер. Бұл салада Cisco Systems (CSCO) басым ойыншы болып отыр. Juniper Networks (JNPR) сондай-ақ индустрияда маңызды орын алады. Басқа ойыншылардың арасында – Siemens және Schneider Electric өнеркәсіптік алыптары, F5 Networks, Advantech, Rockwell Automation (ROK) және Digi International (DGII) анағұрлым мамандандырылған компаниялары, сондай-ақ Palo Alto Networks (PANW) бар.
3 деңгей. Деректердің жаңа шебі
Деректер жиналғаннан кейін олар терең талдау, үлгілерді оқыту және АИ сұрауларын өңдеу орындалатын жергілікті шектік серверлерге (Edge Nodes/Servers) түседі. Дәл осы жерде Edge Computing нарығы үшін негізгі шайқас жүріп жатыр.
Маңызды ойыншылардың ішінен серверлерді өндірушілерді, телекоммуникациялық компанияларды, цифрлық инфрақұрылымға ие корпорацияларды және CDN-провайдерлерді (әртүрлі контентті жеткізушілерді) бөліп көрсетуге болады.
Бұл сектордың ірі ойыншысы мәртебесін Dell Technologies (DELL) ұстап тұр, ол АИ-серверлердің жеткізілімдерін ұлғайтудың арқасында нарықтық капиталдандырудың теңдессіз өсімін көрсетеді. Корпорацияның бизнес-дата орталықтарының тарихында алғаш рет көлемі бойынша дербес компьютерлердің бағытынан асып түсті. Оның басты бәсекелесі Hewlett Packard Enterprise (HPE) да АИ-бумнан пайда табады. Екі компания да Edge Computing сегментінің мүдделеріне белсенді қызмет көрсетеді.
Жергілікті серверлерге ақпарат беруді коммуникациялық компаниялар бақылайды. Equinix (EQIX) дата-орталықтардың ірі операторы болып қала береді. Оның басты бәсекелестері – Digital Realty Trust (DLR) және Crown Castle (CCI). Edge Computing жаңа жұлдыздары – дәстүрлі телекоммуникациялық компаниялар. Verizon (VZ), AT&T (T) және T-Mobile (TMUS) бірнеше жылдан бері осы саладағы бизнесті белсенді дамытып келеді. Олар үшін АИ-инфрақұрылымды кеңейту абоненттен түсетін орташа табыстың көпжылдық тоқырауын бұзуға қабілетті жаңа табыс көзі болуы мүмкін.
Ақырында, белгіленген трендтің тағы бір әлеуетті пайда алушылары – орналасқан жеріне қарамастан, пайдаланушыларға ақпаратты жедел беру үшін географиялық бөлінген серверлер желілеріне қызмет көрсететін CDN-провайдерлер. Осы қызметтерді ұсынатын ірі жария компаниялар Cloudflare (NET) және Akamai Technologies (AKAM) болып табылады. Мұндай қызметтерді Amazon (AMZN) және Alphabet (GOOGL) көрсетеді, бірақ олардың CDN-бизнесі – үлкен бұлтты экожүйенің бір бөлігі ғана.
Байланыс өзегі
Шекаралық серверлер санының өсуі және берілетін ақпарат көлемінің артуы ірі түйіндер арасындағы деректер алмасуды жеделдету қажеттілігін күшейтеді. Бұған дейін айтылғандай, алдағы бес жылда деректер орталықтары арасындағы жасанды интеллект трафигі жыл сайын екі еседен астам өсетін болады. Осындай жағдайда операторлар магистральдық желілерді жедел жаңғыртуға кірісіп жатыр, бұл оптикалық талшық пен жабдыққа арналған тапсырыстардың екі таңбалы өсіміне әкелуде.
Corning (GLW) – оптикалық талшықтың ең ірі өндірушісі ретінде саладағы өзгерістердің басты бенефициарларының бірі болды. Компания жуырда алдағы екі жылға арналған ғаламдық өндірістік қуатының 10%-ын ІІ ЖИ деректер орталықтарын байланыстыру үшін резервке қойғанын мәлімдеді. Басқа ірі оптикалық талшық өндірушілер – Prysmian Group, Sumitomo Electric және Furukawa – да осы үрдістен пайда табады.
Edge Computing – уақытша тренд емес, жасанды интеллектті дамыту үшін қуаттылықты арттыру қажеттілігінен туындаған цифрлық инфрақұрылымның түбегейлі трансформациясы. Бұл инвесторлар үшін құн тізбегінің әр деңгейінде көптеген мүмкіндіктер ашады.