Компания сізден дербес деректеріңізді жаңартуды немесе өзекті құжаттарды ұсынуды сұрауы мүмкін. Бұл рәсім мәліметтерді өзектендіру немесе қайта сауалнама жүргізу деп аталады.
Бұл заңнама талаптары мен Компанияның ішкі рәсімдерін сақтау, сондай-ақ қауіпсіздікті және үздіксіз брокерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін қажет.
Мәліметтерді жаңарту не үшін қажет?
Бұл екі себепке байланысты қажет.
Біріншіден, мұндай міндеттеме Бағалы қағаздар нарығында брокерлік (агенттік) қызмет көрсету регламентінде көзделген. Клиент брокерлік қызмет көрсетуге шарт жасаса отырып, оған қосылады. Регламентке сәйкес, сондай-ақ Компанияның сұратуы бойынша, клиент дербес деректері өзгерген кезде өзекті мәліметтер мен құжаттарды уақтылы ұсынуға міндетті.
Екіншіден, бұл заңнама талабы. Компания «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл (AML/CFT) саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес клиенттер туралы мәліметтердің өзектілігін жүйелі түрде тексеріп отыруға міндетті.
Сол себепті Компания қызмет көрсетудің бүкіл мерзімі ішінде жаңартылған құжаттар мен мәліметтерді сұратуға құқылы.
Мәліметтерді жаңарту қашан талап етілуі мүмкін?
Компания бірқатар жағдайларда мәліметтерді жаңартуды сұрауы мүмкін:
- сіздің дербес деректеріңіз (Т.А.Ә., тұрғылықты мекенжайыңыз, жеке басты куәландыратын құжат және т.б.) өзгергенде;
- жеке басты куәландыратын құжаттың қолданылу мерзімі аяқталғанда;
- бұған дейін ұсынылған мәліметтердің өзектілігін растау қажет болғанда;
- бұны заңнама немесе Компанияның ішкі рәсімдері талап еткенде;
- тексеру шеңберінде қосымша құжаттар қажет болған жағдайда.
Әрбір жағдай жеке қарастырылады, сондықтан қажетті құжаттардың тізбесі жағдайға байланысты өзгеше болуы мүмкін.
Қандай құжаттар талап етілуі мүмкін?
Жеке тұлғалар үшін
Жағдайға байланысты мыналар талап етілуі мүмкін:
- қолданыстағы жеке басты куәландыратын құжат;
- тұрғылықты мекенжайды растайтын құжат;
- Т.А.Ә. өзгергенін растайтын құжат (куәлік, анықтама, сот шешімі және т.б.);
- салық нөмірін растайтын құжат (бейрезиденттер үшін);
- ықтиярхат туралы мәліметтерді растайтын құжаттар (бар болса);
- екінші азаматтығының бар екенін растайтын құжаттар (қажет болған жағдайда).
Назар аударыңыз:
- мәліметтер құжаттағы деректермен толық сәйкес келуі тиіс;
- бейрезиденттерді сәйкестендіру тек шетелдік паспорт бойынша ғана жүзеге асырылады;
- құжаттар беттері қиылмай, толық оқылатын болуы керек;
- PDF форматындағы файлдар немесе сапалы фотосуреттер қабылданады;
- скриншоттар, компьютер экранының фотосуреттері және оқылмайтын кескіндер қабылданбайды;
- құжаттарда бөгде немесе тапсырмаға қатысы жоқ файлдар болмауы тиіс;
- Freedom Finance Global үшін құжаттар қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде (немесе нотариус куәландырған аудармасымен) қабылданады;
- «Freedom Finance» АҚ үшін құжаттар қазақ немесе орыс тілдерінде қабылданады.
Маңызды! Жеке басты куәландыратын құжаттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін 40 күнтізбелік күннен аз уақыт қалса, жаңа құжат ұсынылғанға дейін брокерлік шотқа шектеу қойылуы мүмкін.
Заңды тұлғалар үшін
Өзгерістерге байланысты мыналар талап етілуі мүмкін:
- мемлекеттік тіркеу туралы өзекті анықтама;
- өзекті қаржылық есептілік;
- директор, қатысушылар немесе өкілдер ауысқан кездегі құжаттар;
- атауы немесе заңды мекенжайы өзгерген кездегі құжаттар;
- жарғы немесе оған енгізілген өзгерістер;
- өзгерістердің сипатына байланысты өзге де құжаттар.
Егер заңды тұлға, директор немесе қатысушылар Қазақстан Республикасының бейрезиденттері болса, құжаттар шыққан елінің заңнама талаптарына сәйкес ресімделуі тиіс.
Қажет болған жағдайда Компания КЖ/ТҚҚ (Кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл) рәсімдері шеңберінде қосымша құжаттарды сұратуға құқылы.
Дербес деректерді жаңарту туралы тапсырма неліктен қабылданбауы мүмкін?
Дербес деректерді жаңарту үшін клиент тапсырма беруі керек. Бірақ бірқатар жағдайларда ол қабылданбауы (бас тартылуы) мүмкін:
- құжаттар скриншот түрінде тіркелсе;
- құжаттардың фотосуреттері бұлыңғыр, қиылған болса немесе барлық беттері толық болмаса;
- Т.А.Ә. өзгергенін растайтын құжат болмаса;
- құжат Компания қабылдамайтын тілде ұсынылса;
- Ресей Федерациясының азаматтары үшін мекенжайды растау кезінде дербес деректері бар беті жоқ ішкі паспорт ұсынылса;
- тапсырмаға басқа тұлғаның құжаттары немесе мәліметтердің өзгеруіне қатысы жоқ құжаттар тіркелсе.
Тапсырманы жібермес бұрын барлық тіркелген құжаттарды мұқият тексерген жөн.
Мәліметтер уақтылы жаңартылмаса не болады?
Егер клиент сұратылған құжаттарды немесе мәліметтерді ұсынбаса, Компания Регламентте көзделген шараларды қолдануға құқылы.
Қажетті құжаттар ұсынылғанға дейін Компания уақытша мынадай шараларды қолдана алады:
- тапсырмалардың орындалуын тоқтата тұру;
- жекелеген операцияларды жүргізуді шектеу;
- клиент мәліметтерінің өзектілігі расталғанға дейін ақшалай қаражатты шығаруға арналған тапсырмалардың орындалуын тоқтата тұру.
«Мәліметтерді өзгерту» тапсырмасын қалай беруге болады?
Freedom Broker платформасына өзіңізге ыңғайлы тәсілмен кіріңіз.
- Мобильді қосымшада: Мәзір → Тапсырмалар → Дербес деректер → Мәліметтерді өзгерту.
- Веб-нұсқада: Кабинет → Тапсырмалар → Мәліметтерді өзгерту.
Қажетті өрістерді толтырып, талап етілетін құжаттарды тіркеңіз және тапсырманы қарауға жіберіңіз.