Финансист №2 (30) 2023

Вадим Меркулов
Freedom Finance Global талдау департаментінің директоры
АҚШ: қарыздар болу
Әлемдегі және еліміздегі несие тарихын талқылайық
ФРЖ мәліметтері бойынша, 1980 жылдан 2018 жылға дейін 61 ел дефолтқа ұшырады. АҚШ өзінің тарихында ешқашан қарыз міндеттемелерін бұзбағанымен, бұл мемлекеттің қаржылық проблемалары мезгіл-мезгіл шиеленісіп отырады. 2023 жылдың қаңтарында Штаттарда мемлекеттік қарыздың ең жоғары шегі тағы да асып түсті. Өкілдер палатасының спикері мен Ақ үй басшысы арасындағы күрделі келіссөздерден кейін қарыз алу лимиттерін кеңейту туралы келісімге қол жеткізілді.
Неге Америкада дебет пен кредитті теңестіру соншалықты қиын?
1989 жылы Сеймур Дурст Нью-Йорктегі Алтыншы авенюде электронды сағат орнатты. Ол үнемі өсіп келе жатқан ұлттық қарыздың мөлшерін көрсетіп тұрды. 2008 жылы бұл сан $10 трлн-нан асып, 13 таңбаны көрсете алатын сағаттың мүмкіндігінен де асып түсті
Екі төбенің арасында
Штаттардың қарыз проблемасының екі аспектісі бар. Біріншісі — федералды үкіметтің қарыз алуының жоғарғы шегі, оған жеткен кезде мемлекет ағымдағы міндеттемелерді қаржыландыру үшін қарызды ресми түрде арттыра алмайды. XXI ғасырдың басынан бастап мемлекеттік қарыздың шегі 20 рет көтеріліп, елдің міндеттемелері $6 трлн-нан $31,4 трлн-ға дейін өсті.
Мемлекеттік қарыз шегінің проблемасы көбінесе номиналды сипатта болады. Оны көтеруді келісу әдетте салыстырмалы түрде тез жүреді, бірақ кейде процесс қатты созылып кетеді. Дәл осындай жағдай 2011 жылы болды, ол кезде қарыз коэффициенті 95,5%-ға жетті (2007 жылы бұл көрсеткіш 62,6% болған).
Қарыз жүктемесінің ұқсас өсуі 2020-2021 жылдары байқалды, соның салдарынан қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы рекордтық деңгейге жетті. Осыған байланысты қарыз алу шегін келісудің қазіргі кезеңі ерекше күрделі болды.

Дереккөз: FactSet

Дереккөз: FactSet
Екінші аспект — АҚШ мемлекеттік қарызының көлемі, ол біртіндеп америкалық билік пен экономистердің басты проблемасына айналып келеді. Соңғы 15 жылда елдің номиналды ЖІӨ-сі 1,8 есе, ал мемлекеттік қарызы 2,9 есе өсті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша міндеттемелердің экономиканың базалық көрсеткішіне қатынасы 123,4% болды, бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 5,4%-ына жетті (2008 жылдың қорытындысы бойынша 3,1% болған).

Дереккөз: FactSet
Конгрестің Бюджет басқармасының мәліметтеріне сәйкес, бюджет тапшылығы жағдайы одан әрі ушығып барады: оның алдағы 10 жылдағы болжамды деңгейі шамамен $19 трлн болады, бұл 2022 жылғы мамырдағы бағалаудан $3 трлн жоғары.

Дереккөз: FactSet
Жоғарғы шек — меже емес
Қарыз алудың жоғарғы шегі бойынша Конгрестегі партиялар арасында келісімнің болмауы автоматты түрде АҚШ дефолтын білдіреді. Оның ықтимал салдарына қарыз алу құнының күрт өсуі, компаниялар банкроттығының тізбегі, жұмыссыздықтың күрт артуы және терең рецессия жатады.
Дегенмен, барлық сарапшылар мемлекеттік қарыз лимитін қажет деп санамайды. Мысалы, ФРЖ-ның бұрынғы экономисі Луиза Шейнер жоғарғы шекті алып тастауды жақтаушылардың қатарында. Ол өз ұстанымын жоғарыда айтылған экономикалық шоктар тәуекелімен, сондай-ақ негізгі мәселе бюджет теңгерімсіздігінде екенімен түсіндіреді. Шейнер ханымның қарсыластары мемлекеттік қарыз шегінің басты функциясы — саяси волюнтаризм мен жалпы үкіметтің популистік шешімдерін шектейтін қосымша тежеу құралы болу екенін еске салады.

Дереккөз: FactSet
2023 жылдың 19 қаңтарында жоғарғы меже тағы да жетті. АҚШ Қаржы министрлігі «төтенше шаралар механизмі» арқылы қарыз және басқа да міндеттемелерді орындауды жалғастырып жатыр.
Демократтар мәселені корпорациялар мен ауқатты азаматтар үшін салықтарды көтеру арқылы шешуді ұсынды. Республикалықтар бюджетті едәуір қысқарту және шығындарды 2022 жылғы деңгейге қайтару ең оңтайлы құрал деп санады.
Қарыз тақырыбындағы қазіргі пікірталас Штаттар тарихындағы ең қызу талқылаулардың біріне айналды, өйткені тараптардың ешқайсысы да жеңілдік жасауға дайын болмады, бірақ елдің қаржылық күйреуіне себеп болу қаупінен барынша қашуға тырысты.
Жаңа келісім шығындарды ауқымды қысқартуды және реформалар жүргізуді көздейді. «Бұл шығындарды қысқартуға мүмкіндік беретін, сонымен қатар жұмыс істейтін азаматтар үшін маңызды бағдарламаларды қорғайтын және экономиканы баршаға дамытуға жағдай жасайтын алға басқан маңызды қадам», — деп жазды АҚШ президенті Twitter-де.
Несиеге шырмалған әлем
Мемлекеттік қарыз мәселесі тек америкалық билік үшін ғана өзекті емес. 2022 жылға қарай қарыз/ЖІӨ қатынасы ең жоғары он елдің қатарына Жапония (241%), Грекия (140%), Сингапур (128%), Италия (119%) және Франция (99%) кірді. Соңғы уақытқа дейін елдердің міндеттемелерінің көлемі туралы мәселе соншалықты өткір болған жоқ: төмен мөлшерлемелер кезінде қарызға қызмет көрсету мемлекеттік қазынаға тым ауыр салмақ түсірмейтін.
Пандемия кезеңінде экономиканы қолдауға бағытталған үкімет шығындарының бұрын-соңды болмаған көлемі және жеткізу тізбектерінің бұзылуы инфляцияның үдеуіне, содан кейін пайыздық мөлшерлемелердің өсуіне әкелді. Мұндай жағдайда қарыздарды өтеу қиындай түседі. Бүгінде қарыз/ЖІӨ қатынасы алдыңғы қатарға шығып отыр.
Инвесторлар АҚШ-тағы дағдарысты жергілікті құбылыс ретінде қабылдамауы керек. Ерте ме, кеш пе, бәрі қарызын төлеуге мәжбүр болады. Бірақ тарих көрсеткендей, қаржы нарықтарындағы сенім мен бедел жылдар бойы, тіпті ондаған жылдық жемісті ынтымақтастықпен жиналады, ал бір сәтте жоғалады.

Дереккөз: Bloomberg (баға белгіленімдері 20.04.23 жағдай бойынша)