Финансист №2 (30) 2023

Наталья Мильчакова
Аға талдаушы, Freedom Finance Global
SWIFT жыры
Бүгінгі күні банктен банкке ақша аудару қаржылық хабарламаларсыз мүмкін емес, әсіресе егер бұл банктер әртүрлі елдерде болса. Осы мақсаттар үшін көптеген жылдар бойы халықаралық қаржыда үстемдік еткен SWIFT жүйесі жасалды. Оның артықшылықтары қандай және неге кейбір елдер өз баламаларын белсенді түрде әзірлеп жатыр?
Жан-жақты қамтитын SWIFT
SWIFT Society for Worldwide Interbank Financial Telecommunications («Халықаралық банкаралық қаржылық телекоммуникациялар қоғамы») дегенді білдіреді. Жүйенің атауы ағылшын тіліндегі «жылдам» (swift) сын есімімен үндес, бұл оның жұмысының ерекшеліктеріне сәйкес келеді.
XXI ғасырдың басында SWIFT жедел қаржылық хабар алмасу саласындағы жаһандық монополистке айналды. Оған қосылған әрбір банк бірегей SWIFT-код алады, ал мұндай банктің әрбір клиентіне жүйеде тиісті контрагентті жылдам табуға мүмкіндік беретін бірегей IBAN-код беріледі.
SWIFT көмегімен шетелге төлем жасау 15 минуттан аспайды, ал шұғыл немесе ішкі аударымдар кезінде — екі-үш минут. Жіберілетін хабарламалар кодталған, бұл жүйенің қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. 2022 жылдың соңында оған бүкіл әлем бойынша 11 мың банк қосылды, олар күн сайын 15 млн-ға дейін қаржылық хабарлама жібереді.

SWIFT логотипі. Фото: ашық дереккөздер
Айта кету керек, SWIFT — төлем сервисі емес, тек банктер арасындағы хабарламаларды жеткізетін делдал. Жүйе сіздің шотыңыздағы ақшаны пайдалана алмайды, оны ұрлай алмайды немесе жоғалта алмайды. Трансшекаралық және ішкі аударымдарда туындайтын барлық мәселелерге банктер немесе бейтаныс адамдарға абайсызда ақша аударатын клиенттердің өздері кінәлі.
Қымбат тәуелділік
XXI ғасырдың екінші онжылдығында бірқатар елдерде SWIFT-ке ұқсас жобалар құрыла бастады. Бұған халықаралық монополист қызметтерінің тым қымбат болуы түрткі болды. Біріншіден, SWIFT-ке қосылу банкке шамамен €95 мыңға түседі, оған арнайы жабдық пен бағдарламалық жасақтаманы орнатуға, сондай-ақ қызметкерлерді оқытуға кететін шығындар кіреді.
Екіншіден, жүйеге қосылған мекемелер бельгиялық жүйеге комиссия төлейді. Әрбір қаржылық хабарламаны SWIFT арқылы ел ішінде жіберу құны 3-тен 6 еуроцентке дейін, ал трансшекаралық хабарлама үшін — 18 еуроцентке дейін жетеді. Күн сайын миллионға дейін хабарлама жіберетін банктер үшін бұл айтарлықтай шығынды білдіреді.
Сонымен қатар, 2001 жылғы 11 қыркүйектегі АҚШ-тағы белгілі қайғылы оқиғалардан кейін SWIFT арқылы берілетін трансшекаралық қаржылық хабарламаларды АҚШ Мемлекеттік департаменті мен арнайы қызметтері бақылай бастады, дегенмен бельгиялық компания заңды түрде америкалық заңнамаға бағынбайды. Бірақ SWIFT қызметтерінің құны мен қауіпсіздігі мәселелері қаржылық хабарламаларды жеткізу технологияларының дамуымен бірге көптеген елдердің орталық банктерін өз баламаларын әзірлеуге итермелегені анық.
Бүгінде әлемде оннан астам балама жүйе жұмыс істейді.
CIPS: қытайша долларсыздандыру
Қытай 2015 жылы өзінің SWIFT баламасын ағылшын тіліндегі Cross-border Interbank Payment System («Трансшекаралық банкаралық төлем жүйесі»), қысқаша CIPS атауымен іске қосты.
Оның сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 2023 жылдың басында әлемнің әртүрлі елдерінен 1300-ден астам банк CIPS-ке қосылған, дегенмен іс жүзінде Қытай жүйесімен тікелей келісімшарт жасаған мекемелер саны жүзден аз. CIPS-тің қалған қатысушылары оған тікелей қосылған қытайлық немесе шетелдік банктерде корреспонденттік шоттар ашуды жөн көрді және осылайша SWIFT-тің қытайлық баламасының қызметін өздері үшін арзандатты.
CIPS пен SWIFT-тің басты айырмашылығы — біріншісі қаржылық хабарламаларды тек юаньмен төлемдер үшін, ал екіншісі кез келген валютадағы операциялар үшін жібереді. Осылайша, «қытайлық SWIFT» трансшекаралық есеп айырысуларда юаньның беделін арттырады, сондай-ақ Қытай Халық банкінің қолдауымен халықаралық есеп айырысуларды біртіндеп долларсыздандыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, CIPS функционалдығы бойынша SWIFT-тен озып келеді. Қытай жүйесі кез келген хабарламаны кез келген форматта, соның ішінде аудио және бейне файлдарды да жібере алады. Бірнеше жыл бойы CIPS арқылы фиат юаньмен төлемдермен қатар цифрлық юаньдағы транзакциялар да өтеді.
БРИКС-тің басқа елдерінде мемлекеттік цифрлық валюталардың іске қосылуы уақыт өте келе Қытайға CIPS арқылы сапалы түрде басқа технологиялық деңгейдегі халықаралық есеп айырысулар жүргізуге мүмкіндік береді. Дегенмен, әзірге бұл алыс перспектива мәселесі.
ҚХБЖ: қорғаныстан да артық
Ресейлік «Қаржылық хабарламаларды беру жүйесі» (SPFS) 2017 жылы іске қосылды. Ол арқылы алғашқы хабарламаны Газпромбанк Роснефтьтің тапсырмасы бойынша жіберді.
2022 жылдың басында SPFS-ке шамамен 340 банк қосылды. Олардың көпшілігі ресейлік, бірақ ЕАЭО мен ТМД өкілдері де бар. SPFS-тің шетелдік клиенттері әлдеқайда көп болуы мүмкін еді, бірақ олар АҚШ пен ЕО-ның қайталама санкцияларынан қауіптенеді. Өткен жылы енгізілген шектеулерге байланысты SWIFT ірі ресейлік банктердің көпшілігімен келісімшарттарын бұзды, бірақ бұл олардың қызметіне әсер еткен жоқ, өйткені ел ішінде SPFS SWIFT-пен сәтті бәсекелесіп қана қоймай, оны дерлік ығыстырып шығарды. Бүгінде Ресейде қаржылық хабарламалардың тек 20%-ы SWIFT арқылы беріледі, ал қалған 80%-ы SPFS-ке өтті, дегенмен 2022 жылға дейін бұл қатынас керісінше болған.

Қытай Халық банкі. Фото: ашық дереккөздер
SPFS әзірлеушілері өз жүйесі арқылы хабарлама жіберу технологиясын SWIFT-ке қарағанда жетілдірілген деп санайды. SPFS, қытайлық CIPS сияқты, хабарламалардың көп форматтылығын қолдайды және оны тек банктік бизнесте ғана емес, басқа салаларда да, мысалы бағалы қағаздар нарығында, қолдануға болады.
SPFS арқылы бір хабарлама жіберу небәрі 1 рубль тұрады, ал егер банк тәулігіне 500-ден астам хабарлама жіберсе, онда бір транзакцияның құны 80 тиынға дейін төмендейді. Төмен бағалар SPFS-тің маңызды бәсекелік артықшылығы болып табылады.
SWIFT-сіз де болады
Еуропада SWIFT-тің балама жүйелері ең көп. 2008 жылы ЕОБ бастамасымен бастапқыда еуроаймақ банктері үшін ортақ SEPA атты балама іске қосылды. Жұмыстың алғашқы екі жылында жүйеге ЕО-ның басқа елдерінің банктері, тіпті одаққа кірмейтін мемлекеттердің қаржы ұйымдары да қосылды.
SEPA-ны іске қосудың ресми мақсаты «аударым қиындықтарын», яғни халықаралық төлемдерді еуродан бірқатар Еуропа елдерінің ұлттық валюталарына және керісінше айырбастау мәселелерін жеңілдету болды. SEPA-да мұндай төлемдер SWIFT-ке қарағанда жылдамырақ өтеді және барлық дерлік ірі еуропалық банктер екі сервисті де бір уақытта пайдаланады.
Еуропаның жекелеген елдерінде қаржылық хабарламаларды берудің ұлттық жүйелері де бар, олар арқылы аударымдар еуропалық банктер үшін, әсіресе ел ішінде, арзанырақ болады. Германияда RTGS Plus, Францияда — TBF, Ұлыбританияда — CHAPS сервисі жұмыс істейді. SWIFT штаб-пәтері орналасқан Бельгияда да өзінің ұлттық ELLIPS жобасы бар. Әрине, АҚШ-та CHIPS деп аталатын қаржылық хабарламаларды беру жүйесі жұмыс істейді.
Осылайша, SWIFT Батыс елдері кез келген жолмен қорғайтын қасиетті сиыр емес. Бельгиялық әзірлеменің монополиясын арзанырақ, сенімді және функционалды шешімдер ұсынатын ұлттық жобалар бұзуы мүмкін.