Финансист №1 (29) 2023

Евгений Можейко
Freedom Finance Өзбекстан атқарушы директоры
Бәрі енді ғана басталуда
Во что инвестировать на фондовом рынке Узбекистана
Өзбекстан экономикасы посткеңестік кеңістікте ерекшеленеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша елдің ЖІӨ 5,7%-ға, $74 млрд-қа дейін өсті, бұл ТМД елдері арасындағы үздік нәтижелердің бірі болды. Республика халқының саны 36 млн-нан асады. Бұл көрсеткіш бойынша ол Достастықта екінші орында.
Сенімді макроэкономикалық көрсеткіштер азаматтардың биржалық саудаға тартылуының төмендігімен және үкіметтің жекешелендіру жоспарларымен ұштаса отырып, өзбек жария компаниялары котировкаларының өсуі үшін қуатты негіз жасайды. Олар туралы әрі қарай сөйлесейік.

Өзбекстанның Ұлттық банкі. Фото: shutterstock.com
Төмен стартта
«Тошкент» республикалық қор биржасында шамамен 25 мың белсенді шот ашылған, бұл Өзбекстан халқының жалпы санының 1%-ынан да аз. Алайда экономиканың қарқынды өсуі және жария компаниялар санының артуы жалғасып жатқандықтан, біз қор нарығында да оң динамика күтеміз.
2022 жылғы 30 желтоқсандағы жағдай бойынша Өзбекстанның биржалық котировкалық тізімінде жалпы капиталдануы 95,31 трлн сумды, шамамен $8,4 млрд-ты құрайтын 107 эмитенттің бағалы қағаздары болды. Мәмілелердің негізгі көлемі банк секторына тиесілі: 2022 жылғы желтоқсанда жиынтық айналымның 84,57%-ы.
Акциялардан бөлек, облигациялар нарығы да өсіп келеді. Мемлекеттік те, корпоративтік те қағаздар доллармен немесе ұлттық валютада қолжетімді. УзАвто Моторстың «үш жылдық» облигацияларының кірістілігі жылдық 9,86%-ды құрайды, ал Өзбекмұнайгаздың бес жылдық бондтары бойынша бұл көрсеткіш 8,29%-ға тең. 2030 жылға дейін өтелетін доллармен номинацияланған мемлекеттік облигациялардың кірістілігі жылдық шамамен 6,5%-ды құрайды.
Өзбекстан нарығындағы инвесторлардың көпшілігі акцияларды таңдайды, алайда олардың көбі өтімділігі төмен қағаздар санатына жатады. Біздің компанияның аналитиктері төрт қағаз бойынша «сатып алу» ұсынымын береді. Олардың ішіндегі ең көзге түсетіні — Өзбек республикалық тауар-шикізат биржасы (URTS). Бұл 15 жылдан астам уақыт бойы дивиденд төлеп келе жатқан санаулы жергілікті эмитенттердің бірі. Сондай-ақ инвестиция үшін Хамкорбанк (HMKB), Кизилкумцемент (QZSM) және Өзметкомбинат (UZMK) қызықты.
Өсудің әсерлі әлеуетіне қарамастан, Өзбекстанның қор нарығы бірқатар қиындықтарға тап болып отыр. Біріншіден, жоғарыда айтылғандай, биржада республика халқының өте аз бөлігі ғана сауда жасайды. Бұл азаматтардың қаржылық сауаттылығының төмен деңгейімен түсіндіріледі.
Тағы бір мәселе — экономикадағы мемлекеттік сектордың үстемдігі. Бұл жеке кәсіпкерліктің өсуін шектеп, нарықтағы бәсекелестікті айтарлықтай әлсіретуі мүмкін, ал бұл инвесторлар кірісінің төмендеуіне әкеледі. Алайда үкімет экономиканы жаңғыртуға және іскерлік климатты жақсартуға бағытталған реформаларды жүргізіп жатыр, оның ішінде валюта бағамдарын ырықтандыру және бизнес үшін бюрократиялық кедергілерді азайту бар. Осы шаралардың тиімділігі Moody's агенттігіне 2023 жылдың қаңтарында Өзбекстанның кредиттік рейтингін В1-ден В3-ке дейін көтеруге мүмкіндік берді.
Бұл реформалардың негізгі аспектілерінің бірі — мемлекеттік кәсіпорындарды «Тошкент» республикалық қор биржасында жекешелендіру. 2022 жылдың тамызында үкімет бірқатар алғашқы орналастырулардың жол картасын бекітті. Сатуға арналған бастапқы акциялар пакетіне әртүрлі салалардағы 21 компания кіреді: автокөлік өндіруші УзАвто Моторс (UZAM), жүк тасымалдаушы Узтемирйулконтейнер, қаржы ұйымдары Алокабанк және Узбекинвест, сақтандырушы Узагросугурта, сондай-ақ Узбекнефтегаз, Узтрансгаз, Узбекистон Хаво Йуллари әуе компаниясы және басқалары.
Инвесторларға дайындалу
УзАвто Моторс автоконцернінің IPO-сына қатысу үшін шамамен 56,9 млрд сумға 1383 өтінім жиналды. Сауда-саттықтың алғашқы күні, 2023 жылғы 20 ақпанда, UZAM акциялары бір сәтте 17,24%-ға өсті, ал сессияны +8,54% нәтижемен аяқтады.
Жекешелендірілген кәсіпорындардың көбі алдағы уақытта да өзбек қор нарығында орналастырылып, оған отандық та, шетелдік те инвесторларды тарта береді. IPO мемлекеттік қазынаны толықтырып қана қоймай, жергілікті биржада табыс табудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.

Дереккөздер: «Тошкент» республикалық қор биржасы, ашық деректер

Дереккөздер: «Тошкент» республикалық қор биржасы, ашық деректер