Финансист №1 (29) 2023

Игорь Клюшнев
Freedom Finance Global даму және халықаралық ынтымақтастық департаментінің кеңесшісі
Миллиардтар әкелген құты
Коррозияға қарсы баллистикалық зымырандарды өңдеуге арналған өнім бүкіл әлемде күнделікті өмірдің таныс элементіне қалай айналды
Көптеген америкалық жария компаниялардың қалыптасу тарихы соншалықты қызықты, олар фильмдер мен сериалдарға дайын сценарий бола алар еді. Солардың бірі өзінің басты өнімі — коррозияға қарсы аэрозоль, яғни «вэдэшка» атымен аталған WD-40 (WDFC) корпорациясымен байланысты. Әскери өнеркәсіпке арналған құрал 176 елдегі дүкен сөрелеріне қалай шықты?
Сәтті әрекет
70 жылдық тарихы және $2 млрд-тан асатын капиталдануы бар компания — бұл сөздерді естігенде көз алдыңызға қандай бейне келеді? Әрине, кішкентай көк-сары құтыдан әлдеқайда ауқымды нәрсе елестейтіні анық.

Фотосурет: wd40company.com
Бүгінде бүкіл әлемге танымал бренд 1953 жылы Калифорнияда пайда болды. WD-40 рецептісін Норман Лоусон ойлап тапқан. Досының өтініші бойынша ол кемелердегі үнемі тот басатын тісті механизмдерді қорғауға арналған құрал жасауға тырысты. Бірақ Лоусон кәсіпкер емес, өнертапқыш еді, сондықтан майлау құралын коммерцияландыру құқығын Rocket Chemical Company фирмасына небәрі $500-ға берді. Оның негізін қалаушылардың арасында химик Норман Ларсен болды.
Кейін Ларсен мен оның командасы құрамды жетілдірді. Жаңа өнім WD-40 деп аталды — бұл атау зертханалық тәжірибелер кітабынан алынған, онда сәтті шыққан формула «су ығыстырғыш, 40-үлгі», Water Displacement 40th, деп жазылған. Ресми түрде дәл Ларсен «вэдэшканың» жасаушысы болып саналады.
Алғашқы ірі коммерциялық жетістік алғашқы америкалық құрлықаралық баллистикалық Atlas зымыранын әзірлеген қорғаныс мердігері Convair үшін жеткізілімдер болды. Ұшу жылдамдығы жоғары болғандықтан, зымыран боялмаған, сондықтан металл коррозиядан өзге жолмен қорғалуы керек еді.
Тұтынушылар таңдауы
WD-40-тың бөлшек саудадағы табыс әлеуеті бірден байқалған жоқ. Аңыз бойынша, оны тұрмыста алғаш болып құпия әскери нысандарда зымырандарға қызмет көрсеткен және өте тиімді майлау құралын ара-тұра үйлеріне алып кететін техниктер қолдана бастаған. Содан кейін Норман Ларсен 1950 жылдары АҚШ-та танымал болған аэрозоль қаптамасымен тәжірибе жасай бастады. Осылайша, 1958 жылы сөрелерде WD-40-тың аэрозоль нұсқасы пайда болды, ол бүгінге дейін дерлік өзгеріссіз сатылып келеді.
1960 жылдардың басында компания негізінен Сан-Диегода жұмыс істеп, тауарын спорттық және өнеркәсіптік дүкендер арқылы сатты. Уақыт өте келе «вэдэшка» Вьетнамдағы америкалық сарбаздар үшін міндетті құралдар жиынтығына енді: олар жоғары ылғалдылық жағдайында винтовкаларының жауынгерлік қабілетін осы құралдың көмегімен сақтап отырды.
1969 жылы Rocket Chemical компаниясының басшысы Джон Барри болды, дәл сол адам майлау құралын әлемге әйгілі етті. Жаңа директор маркетингтік стратегияны өзгертіп, бір ғана брендке назар аударды. Компания атауын WD-40 деп өзгертті, ал өнім желісінен өзге сауда маркаларының барлығы дерлік алынып тасталды.

Фотосурет: wd40company.com
Барридің қызметкерлері жарқын қаптама әзірледі, ал маркетологтар барлық жерде сынама үлгілерін таратып, супермаркеттердегі импульсивті сатып алуларға басымдық берді және брендті клиенттердің жадында кез келген жолмен бекітуге тырысты. Кейде тауар мен оны ұсыну тәсілінің үйлеспеуі тұтынушылардың күлкісін келтіретін. Дегенмен мұндай ұсақ сәтсіздіктердің бәрін өнімнің жоғары сапасы жуып-шайып отырды. WD-40 формуласы шынымен жұмыс істеді, ал әлемде тот басатын, сықырлайтын немесе нашар ашылатын заттар әрқашан көп.
Барри командасы таңдаған стратегия толық ақталды. Оның компанияны басқарған кезеңінде майлау құралының жыл сайынғы жеткізілімі 12 есе, ал сатылым 45 есе — $2 млн-нан $91 млн-ға дейін өсті. 1993 жылға қарай америкалық үй шаруашылықтарының бесеуінің төртеуі және жұмысшылардың 81%-ы WD-40-ты тұрақты қолданды. Әр апта сайын миллионнан астам құты сатылды.
1996 жылы аты аңызға айналған актер Лесли Нильсен брендті «Неистребимый шпион», Spy Hard, комедиялық боевигінде мәңгілікке қалдырды. Ол WD-40 шақыру белгісі бар отставкадағы құпия агент Дик Стилдің рөлін сомдады.
Керек болып қалар
Интернеттен WD-40 қолданудың мыңдаған тарихын табуға болады. Оның көмегімен питонды автобус дөңгелегінен ажыратады, Бостандық мүсінін майлайды, ағаштарды құндыздардан қорғайды, қоғамдық орындардағы сағызды тазартады, ал әлемдік рок жұлдыздары WD-40-пен гитара ішектерін майлайды. Корпорация бұл интернет-хайпты қолдайды: ресми сайтта аэрозольді тұрмыста қолданудың 2000-нан астам тәсілі көрсетілген.
Айтпақшы, «вэдэшканың» рецепті әлі күнге дейін құпия болып қала береді. Компания майлау құралының әскери шығу тегіне байланысты өнімді патенттей алмады деген пікір бар. Дегенмен интернетте WD-40-тың ондаған «абсолютті шынайы» рецепті кездеседі, бірақ олардың ешқайсысын өндіруші растаған жоқ.
Бәрі енді басталады
1973 жылы WD-40 Company NASDAQ биржасына шықты және содан бері өсіп келе жатқан бизнес болып қала берді. 2022 қаржы жылында сатылым 6% ж/ж өсіп, $518 млн-ға жетті. 2023 жылы басшылық түсімнің 5–10%-ға, $545–570 млн-ға дейін өсуін күтеді, ал ұзақ мерзімді перспективада электросамокаттар мен басқа да жеке мобильділік құралдарының таралуы есебінен $1 млрд межесінен өтуді жоспарлайды.
Жаңа көлік құралдары майлауды және коррозиядан қорғауды қажет етеді, сондықтан аты аңызға айналған «вэдэшканың» әр адамның бірінші қажеттілік заттарының қатарына енуге толық мүмкіндігі бар.

Фотосурет: wd40company.com