Финансист №1 (29) 2023

Наталья Мильчакова
Аға талдаушы, Freedom Finance Global
Йоханнесбург қазыналары
Оңтүстік Африкаға инвестициялар не үшін қызықты
Кейбіреулер үшін Оңтүстік Африка Республикасы бірегей табиғатпен, әдемі жағажайлармен және ұмытылмас саяхат әсерлерімен байланысты. Ал басқалар үшін бұл елдің күрделі өткенін еске алғанда, мұндай бейнелер соншалықты қуанышты болмауы мүмкін. Ал ЮАР-ға инвестиция салу мүмкіндіктері көптеген адамдар үшін әлі де terra incognita*, дегенмен елде мұндай мүмкіндік жеткілікті.
*Лат. terra incognita — «белгісіз жер»
БРИКС-тің бірі
2011 жылдан бастап ЮАР Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытаймен қатар БРИКС-тің қарқынды дамып келе жатқан елдер тобына кіреді (оның перспективалары туралы толығырақ БРИКС плюс мақаласынан оқыңыз). Республика — долларлық баламадағы ЖІӨ көлемі бойынша әлемнің 32-ші экономикасы, 2021 жылы бұл көрсеткіш $420 млрд болды, өсім 4,9%-ды құрады. Мемлекет Африка континентінде жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі бойынша топ-5 елдің қатарына кіреді, дегенмен әлемде бұл көрсеткіш бойынша тек 102-ші орында.

Фото: shutterstock.com
Экономикалық өсудің жылдам қарқыны мен Африка континенті үшін жоғары өмір сүру деңгейі үшін ЮАР ең алдымен табиғи ресурстардың мол қорына және тау-кен өнеркәсібінің дамуына қарыздар. Елде көмір, алтын, марганец, сирек жер металдары және платина тобының металдары өндіріледі. Бұл аумақта алмаз, никель, уран, қорғасын және басқа да пайдалы қазбалардың қоры шоғырланған.
Республика алтын қоры бойынша әлемде үшінші орында, онда әлемдік алмаз кен орындарының бестен бір бөлігі орналасқан. ЮАР экспортының жартысынан көбі тау-кен өнеркәсібі өнімдеріне, шамамен 35–40%-ы ауыл шаруашылығы мен азық-түлікке тиесілі. Шикізат ресурстарына бай және жақсы дамыған өнеркәсіптік өндірісі бар елде бір ғасырдан астам уақыт бойы өтімді қор нарығының болуы заңды. Алтын және басқа металдар өндіретін компаниялардың акциялары жергілікті биржада кеңінен ұсынылған.
Тарихы бар инвестициялар
Африкадағы ең көне Йоханнесбург қор биржасы (JSE) қаланың беделді іскерлік ауданы Сандтонда орналасқан. Оны 1887 жылы британдық кәсіпкер Бенджамин Майнорс Вуллан құрды. Бастапқыда алаң Оңтүстік Африкада жұмыс істейтін британдық алтын өндіруші компаниялардың акцияларымен сауда жасауға, сондай-ақ жергілікті инвесторлардың британдық және еуропалық корпорациялардың қағаздарына қол жеткізуін жеңілдетуге арналған еді. JSE ХХ ғасырдың ортасына дейін осындай болды, бірақ ЮАР британдық отарлық тәуелділіктен босатылғаннан кейін алаңға ел экономикасының маңызды әрі қарқынды дамып келе жатқан салаларындағы эмитенттер шыға бастады. 2022 жылға қарай биржада ЮАР және континенттің басқа елдерінен келген әртүрлі корпоративтік эмитенттердің 1100-ден астам бағалы қағазы, акциялары мен облигациялары саудаланды.

Фото: shutterstock.com
Оңтүстік Африкадағы апартеидтің ауыр жылдарында, 1948–1994 жылдары, бұл алаң нәсілдік сегрегацияны қолдайтын немесе кем дегенде оны айыптамаған корпорациялар үшін қаржы тартқаны үшін бірнеше рет сынға ұшырады. Алайда 1994 жылы Нельсон Мандела президент болып сайланған кезде елде жалпы және оның ірі бизнесінде, атап айтқанда, түбегейлі өзгерістер болды. Енді ірі корпорациялардың директорлар кеңестері мен басқармаларына кез келген ұлттың, нәсілдің немесе гендердің өкілдері кіре алады. Мысалы, JSE директорлар кеңесінде 12 қатысушының 7-еуі — әйелдер.
Биржа шетелдік эмитенттердің акциялары үшін ашық. Алайда JSE котировкалық тізіміне кіретін компаниялардың басым көпшілігі ЮАР-да тіркелген, ал олардың бақылау пакеттері жергілікті инвесторларға тиесілі.
Африканың көгілдір фишкалары
Елдің ұлттық байлығы, әрине, тау-кен және металлургия корпорациялары. Солардың бірі — әлемдегі ең ірі үштіктің қатарына кіретін алтын өндіруші AngloGold Ashanti (JSE: ANGJ). Компания тек ЮАР-да ғана емес, одан тыс жерлерде де жұмыс істейді. ANGJ кен орындарындағы дәлелденген алтын қоры шамамен 1000 тоннаға бағаланады. Корпорацияның 2021 жылғы түсімі шамамен $4 млрд болды, таза пайдасы $646 млн, ал нарықтық капиталдануы шамамен $9 млрд құрады. Инвесторлардың қымбат металға сұранысының артуын ескере отырып, алтын өндіруші компаниялардың, соның ішінде ЮАР компанияларының акциялары инвестиция үшін перспективалы идея болып көрінеді.
Өндіруші саладағы тағы бір қызықты көгілдір фишка — Impala Platinum Holdings, немесе IMPLATS (JSE: IMPJ). Компания ХХ ғасырдың соңында платина, палладий, никель, мыс және кобальт өндіру саласында жұмыс істейтін бірнеше корпорация активтерін біріктіру арқылы құрылды. Эмитенттің ең құнды активі — ЮАР-дың солтүстік-батысында орналасқан Impala кен орны. Сондай-ақ компания Зимбабве мен Канададағы кен орындарына иелік етеді. IMPLATS металдарды әртүрлі халықаралық корпорацияларға, соның ішінде әлемдік автоконцерндерге жеткізеді. Эмитенттің 2021 жылғы түсімі $6,7 млрд, таза пайдасы $1,9 млрд болды. Нарықтық капиталдануы шамамен $7 млрд-қа жетті.
Инвесторлар үшін оңтүстікафрикалық телекомдар мен IT-компаниялар да белгілі бір қызығушылық тудырады. 3G және 4G стандарттарындағы байланыс қызметтері ЮАР азаматтарының барлығына дерлік қолжетімді. Смартфондар елдің ересек тұрғындарының 91%-ында бар. Осы контексте телеком-оператор MTN Group (JSE: MTNJ) акцияларын атап өтеміз. Компаниялар тобы 1994 жылы үкіметтің қаржылық қолдауымен құрылды және бүгінде елде де, бүкіл Африка континентінде де мобильді байланыс абоненттері саны бойынша көшбасшы, сондай-ақ әлемдегі ең ірі телеком-операторлардың ондығына кіреді. MTN Group-тың 2021 жылғы түсімі $11 млрд-тан асты, нарықтық капиталдануы $15 млрд болды.
Оңтүстік Африкада қаржы-банк қызметтері мен финтех-шешімдер де белсенді дамып келеді. 2021 жылы TVBRICS деректері бойынша елдің 50 млн-ға жуық тұрғыны, шамамен халықтың 80%-ы, банк шоттарына ие болған, бұл ретте мобильді және интернет-банкинг қызметтері де сұранысқа ие. Firstrand (JSE: FSRJ) корпорациясы 1998 жылы бірнеше оңтүстікафрикалық банктің бірігуі арқылы құрылды. Бүгінде оның елде дамыған филиалдар желісі, шетелде бірнеше бөлімшесі бар және ол қаржы нарығының әртүрлі сегменттерінде: банкинг, сақтандыру, брокеридж және финтех-шешімдер бойынша қызмет көрсететін ең ірі әртараптандырылған холдингтердің бірі болып табылады. Корпорацияның 2021 жылғы долларлық баламадағы түсімі $7,5 млрд болды, нарықтық капиталдануы $21 млрд-қа жетті.
Интернеттің ЮАР-ға жоғары деңгейде енуі жаңа медианың дамуына ықпал етеді. Naspers (JSE: NPN) холдингі — табысты әрі ұзақ тарихы бар заманауи корпорация. Бір кездері, сонау 1915 жылы, компания баспа ісімен айналысқан, ал бүгінде ол ЮАР-дың қазіргі медиа секторының көшбасшыларының бірі болып, сонымен қатар ең көне эмитенттердің қатарына кіреді.
Naspers ЮАР, Ресей, Үндістан, Сингапур, Таиландтағы электронды БАҚ-қа иелік етеді. Холдингтің 2021 жылғы түсімі $8 млрд болды, ал әртүрлі елдердегі бірқатар табысты активтерді сәтті сатудың арқасында таза пайдасы $12 млрд-қа жетті, эмитенттің нарықтық капиталдануы $40,5 млрд деңгейінде болды.
Көкжиекті кеңейте отырып
ЮАР қор нарығы экономиканың қарқынды өсуі және жергілікті алаңдарда әлемдік аты мен мінсіз іскерлік беделі бар ірі әрі сенімді компаниялардың акциялары айналымда болуы арқасында белсенді дамып келеді. Осы факторлардың барлығы инвесторлар алдында оңтүстікафрикалық активтердің тартымдылығын арттырады.