Финансист №1 (29) 2023

Роман Лукьянчиков
Freedom Finance Global талдаушысы
Маска жойылсын
Аспан асты еліне короновирустық шектеулерді жеңілдету қалай әсер етеді
2022 жылдың желтоқсанында ҚХР Үкіметі азаматтардың наразылығына жауап ретінде елдің бүкіл аумағында локдаундарды жойды, ал 2023 жылдың қаңтарында шетелден кіруге қойылған шектеулерді алып тастады. Үш жылға жуық уақыт бойы Азияның ең ірі экономикасының басты мәселесі болған ауруға «нөлдік төзімділік» саясаты енді тарихта қалды.
Қош келдіңіздер
Қытай ауруларды бақылау және алдын алу орталығының бас эпидемиологы У Цзуньюдің мәлімдеуінше, қаңтар айының соңына қарай ел халқының 80%-ы коронавирус жұқтырған, ал шалғай аудандарда аурудың өршуі көктемде күтілген. Бұл ретте вирустың мутациясы байқалмаған, сондықтан инфекциялардың екінші толқыны енді екіталай. Демек, локдаунның толық алынуы алыс емес.
Аспан асты елінің ашылуы биыл әлемдік экономиканың өсуінің басты драйверіне айналуы мүмкін. Әлемдік рецессия қаупі аясында жетекші аналитикалық агенттіктер ҚХР ЖІӨ-нің 2023 жылы 4,8%-дан 5,8%-ға дейін өсуін болжайды.
Алғашқы бенефициарлар қызмет көрсету секторының өкілдері болады: Yum China Holdings (YUMC) сияқты қоғамдық тамақтандыру желілері, азық-түлік жеткізушілері, атап айтқанда Meituan (3690.HK), және алкогольді сусын өндірушілер, соның ішінде Budweiser APAC (1876.HK). Олардың артынан China Southern Airlines (1055.HK) және China Eastern Airlines (0670.HK) әуе тасымалдаушылары, Trip.com (TCOM) туристік компаниясы, қонақүй бизнесінің өкілдері H World Group (HTHT) және Atour Lifestyle (ATAT) түсімдерінің айтарлықтай өсуін көрсетуі мүмкін.
Өнеркәсіп секторы артта қалғандардың қатарында болады. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың барлық қызметкерлері аурудан айығып, жұмысқа толық оралған жоқ, логистикалық тізбектер әлі толық қалпына келмеді, ал өндіріске шетелдік инвестициялар енді ғана өсе бастады. Бұл ретте әлемдік рецессия қаупінің сақталуына байланысты Қытай экспортына сұраныс төмендеп жатыр.
Дүние жүзіндегі экономистер кейінге қалдырылған тұтынушылық сұранысқа үлкен үміт артады. Қытай Халық банкінің деректері бойынша, тұрақты локдаундарға байланысты қаражат жұмсай алмаған ҚХР азаматтары өткен жылдың өзінде банктік депозиттерге рекордтық 17,8 трлн юань, яғни $2,6 трлн салған.
Алайда кейінге қалдырылған сұраныстың іске асуы туралы айтуға әлі ерте. Елдегі жаңа жылдық мерекелер кезеңіндегі қызмет көрсету саласының әртүрлі сегменттерінен алынған деректер Аспан асты елінің тұрғындары ақшаны әзірге тек қымбат емес ойын-сауыққа жұмсауға дайын екенін көрсетеді.

Билік көмекке
Ел экономикасын қалпына келтіруде мемлекет маңызды рөл атқаруы керек. Қытай Халық банкі табыстың өсуін ынталандыру үшін жұмсақ ақша-несие саясатын сақтауға уәде берді, ал ел басшылығы тіпті проблемалы құрылыс секторына қаржылық қолдау көрсете бастады және технологиялық алыптарды реттеуді қатаңдатуды уақытша тоқтатты.
Үкімет өзіне жақсы таныс, бірақ тиімділігі барған сайын төмендеп бара жатқан өсімді ынталандыру құралына — инфрақұрылымды дамытуға инвестицияларды ұлғайтуға жүгінуі әбден мүмкін. Бейжің ішкі сұраныстың әлсіздігі мәселесін мойындайды, осыған байланысты 2023 жылы әлеуметтік шығындарды арттыруы мүмкін. Нүктелік ақшалай инъекциялар тұтынудың өсуіне ықпал етеді, бұл батыс елдерімен салыстырғанда инфляцияның шамалы жеделдеуіне әкеледі.
2023 жылы Қытай экономикасының табысты өсуінің кепілі — бейтарап фискалдық саясат және Орталық банктің ынталандыру шаралары, сондай-ақ девелоперлік сектордағы проблемалы компанияларды қайта құрылымдау. Кейінгі жылдары ұзақ мерзімді мәселелерді шешуге тура келеді, ең алдымен жұмыс күші санының қысқаруы және күрделі шығындардан түсетін қайтарымның төмендеуі мәселелерімен байланысты.

Өсуді жалғастыру үшін төмендеп жатқан еңбек өнімділігін ынталандыру қажет. Бұл мәселенің ең айқын шешімдері — зейнет жасын көтеру, жұмыссыздықпен күресу, білім беру мен медициналық сақтандыруды дамытуға инвестиция салу, сондай-ақ тиімділігі төмен мемлекеттік кәсіпорындарды реформалау. ХВҚ бағалауы бойынша, өзгерістер алдағы бес жыл ішінде ҚХР-дағы табыс деңгейінің жыл сайын 2,5%-ға өсуіне әкеледі. Егер реформалар жүргізілмесе, халықаралық ұйым Қытай ЖІӨ өсімінің 2027 жылға қарай жылына 4%-дан төмен деңгейге дейін біртіндеп баяулауын болжайды.
Жаңа көзқарас
Коронавирустық шектеулердің жұмсаруы Қытай және әлемдік экономика үшін сөзсіз оң фактор. Базалық сценарий жүзеге асса, Аспан асты елінің ЖІӨ биылғы жылдың қорытындысы бойынша 5–5,5%-ға өседі, ал ауру деңгейі төмендегеннен кейін іскерлік белсенділіктің қалпына келуі өсудің шешуші драйвері болады. Алайда оң динамиканы жалғастыру үшін Қытай экономикасына жақын арада құрылымдық өзгерістер қажет болады. Ауқымды, бірақ толық жүзеге асатын реформалар Қытай экономикасының көптеген жылдар бойы белсенді дамуын ынталандыра алатынына күмәніміз жоқ. Ендігі сөз — Бейжіңде.

